Аза тұту күнінде мейрамханада думандатқан әкім кінәсін мойындады
Әкім кінәсін мойындады. 28 желтоқсан – аза тұту күнінде мейрамханада жаңа жылды тойлаған Ерейментау ауданының басшысы Абай Әлжанов бастаған мемлекеттік қызметкерлердің әрекеті Ақмола облыстық Әдеп кеңесінде қаралды.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
16.01.2020
-Білмегендігім бар шығар. Жаңа тағайындалған әкіммін. Кешірім өтінем, мемлекеттік қызметкер ретінде, аудан әкімі ретінде.
Әу баста Абай Әлжанов аталмыш әрекетін мойындамаған еді. Ерейментаулықтардың ашу-ызасын туғызған шара жария болған соң, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірдегі қызметкерлері тексеру жүргізді. Қаралы күні той тойлағандар қатарында әкімнен бастап, барлық мемлекеттік қызметкерлер, тіпті жергілікті мәслихат депутаттарының да болғаны анықталды. Дегенмен Әдеп кеңесінің мүшелері әкім болып тағайындалғанына бір жыл толмаған шенеуніктің аудан экономикасына қосқан үлесін есепке алуға тырысты. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Ерейментауға әкім табу да оңай емес десті. Сөйтіп оның қызметін жалғастыруына мүмкіндік берді. Дегенмен кеңес мүшелері бірауыздан Абай Әлжанов лауазымына «сай емес» деген ұйғарымға келді.
Әлібек Баймағанбетов, Ақмола облыстық Әдеп кеңесінің мүшесі:
- Ең қатал жаза – қызметінен кетіру. Әрине,моралдық тұрғыда сын көтермейтін іс. Кеңес мүшелері лауазымына сай емес деп шешті. Бірақ соңғы шешімді облыс әкімі Ермек Маржықпаев қабылдауы тиіс. Сондай-ақ, Ерейментаудың басқа мемлекеттік қызметкерлері де жауапсыз қалмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!