Атырауда аурухана қызметкері тастанды нәрестеге есімін беріп, өкіл әкесі атанды
Атырауда жылу құбырларының арасынан жаңа туған нәресте табылды. Үсіп өлуге шақ қалған шақалақты сол маңдағы үйдің тұрғыны құтқарып қалды. Таңғы сағат алтыда шырылдаған сәбидің дауысын естіген кейуана баланы пәтеріне әкеліп жылытып, жедел жәрдем мен тәртіп сақшыларын шақырған. Қазір нәресте облыстық балалар ауруханасында жатыр.
Автор: Бекен Алирахым
16.01.2020
Жылу құбырына тасталған сәбидің көрер күні таусылмаған екен. Күнде таңертең бесте оянатын Надежда әжей дәл терезесінің түбінен періштенің шырылдаған дауысын естіп алып-ұшып жеткен. Іздеп жүріп үсті жартылай жабық құбырдың қуысынан орамалға оралған баланы тауып алған.
Надежда Паний, оқиға куәгері :
- Алдымен екі қыздың күлген дауыстарын естідім. Содан кейін күлкі сап тыйылып, тынышталып қалды. Артынан баланың жылаған дауысын естідім. Басында анасы жұбата алмай жатқан болар деп ойлағам. Терезеден қарасам, ешкім жоқ. Сәбидің жылаған дауысы үдеп кеткен соң үйдің бұрышына келсем, шақалақты тастап кетіпті.
Әбден тоңып, жүрек соғысы тоқтаудың аз-ақ алдында қалған шақалақты кейуана үйіне апарып жаялығын ауыстырып, дәрігер шақырған. Шұғыл көмектің арқасында нәресте аман қалды. Әзірге ешбір жақыны жоқ бала дәрігерлер қарауында. Өкіл әке де осы жерден табылды.
Ғалым Ембергенов, Атырау облыстық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:
-Жалпы туа біткен ақаулары жоқ. Дені сау, жалпы күніне жетіліп босанған бала. Салмағы түскен кезде 3 кило 340 грамм, бойы 50 сантиметр.Өзімнің туған күнімде түскен соң таңертең бөлімшедегі қызметкерлермен өзіміз ақылдаса келіп, менің атыма фамилиясы берілді. Үйде 4 қызым бар, ұлым болмаған соң, «бесінші қызың» деп бөлімшедегілер әзілдесіп Ұлдана деп атын қойдық. Ғалымова Ұлдана болды.
Ең бастысы – нәресте дін аман, ертең жан сақтау бөлімінен шығады. Ал мәселенің ақ-қарасын анықтау полицияның еншісінде.
Гүлназира Мұхтарова, Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы:
-«Қауіпті жағдайда сәбиді дәрменсіз күйінде көрінеу көмексіз қалдыру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілдуде. Өзге ақпарат тергеу біткенше жариялауға жатпайды.
Қазір тәртіп сақшылары нәресте табылған «Авангард» шағын ауданда тұратын қыз-келіншектердің бәрін тексеріп жатыр. Жас босанғандардың сәбиі бар-жоғын тексеру барысында көкек ана табылып қалуы мүмкін. Егер безбүйрек ана ұсталса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!