Павлодар облысы әкіміне қылмыстық іс қозғалып, тергеуге алынғаны расталды
Павлодар облысы әкіміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеуге алынды. Екі күннен бері ел құлағын елеңдеткен ақпаратты ақыры Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады. Ал оның алдында облыс әкімінің баспасөз хатшысы Болат Бақауовтың жұмысқа шыққанын айтқан болатын.
Автор: Ербол Тұрымбет
16.01.2020
Ернар Сейтахмет, Павлодар облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Қазір облыс әкімдігінің барлық қызметкерлері штаттық режимде сай жұмыс жасауда. Облыс әкімі қазір Павлодар қаласында. Жұмыс бабымен Павлодар қаласында жүр.
Түске дейін баспасөз қызметі осылай десе де, кеш батқанша жағдай басқаша өң алды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс басшысы қызметтік лауазымын асыра пайдаланды деп күдіктеніп отыр.
Айта кетейік, Болат Бақауов облысты 2016 жылдың наурыз айынан бері басқарып келеді. Сол жылы-ақ Бақауовтың аңға шығып, қабан атып, қырғауылдарды жайратып жүрген суреттері жарияланып еді. Ал жаңа жыл қарсаңында әкімнің портреті қалталылар қатысқан мерекелік кеште шамамен 30 миллион теңгеге сатылып, ол да үлкен шуға ұласқан болатын. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Бақауовқа таққан айыбы ауыр.
- Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы 15 қаңтарда Павлодар облысының әкімі Б. Бақауовқа қатысты лауазымдық уәкілеттіліктерін асыра пайдалану фактісі бойынша ҚР ҚК 362-бабы 4-бөлімі 3-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іске сәйкес жедел-тергеу іс-шараларын жүргізді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.
ҚР ҰҚК баспасөз қызметі
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!