Бетіне тегін күтім жасатамын деген бір топ әйел қарызға батқан – Алматы
Алматыда бір топ әйел бетіне ақысыз күтім жасатамын деп, қарызға батты. Олар косметология орталығының тегін процедурасы туралы жарнамасын естіп дереу жеткен екен. Бірақ клиникадағылар алдап, әлдебір қағаздарға «қол қойдырып алды» дейді ашулы клиенттер. Сөйтсе, әйелдердің атына қомақты несие рәсімделіпті. Ал орталық қызметкерлерінің өз уәжі бар.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
17.01.2020
Әйелдердің бәріне косметология орталығынан қоңырау шалып, ақысыз бет күтімін жасай алатыны туралы хабарлаған. Тегін дүниеге қызыққандар Алматының қақ ортасындағы клиникаға дереу жетіпті. Қыз-келіншектердің айтуынша, мұндағылар асты-үстіне түсіп жүріп, әлдебір қағаздарға қол қойдырып алған. Осылайша клиникаға бір жылдық абонементті банк арқылы рәсімдеп жіберіпті. Оксана Ким осындай жолмен «мойныма 375 теңге қарыз ілінді» дейді.
Оксана Ким, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мұнда келгенімде маған шай мен кәмпит ұсынды. Оны ішкен соң, өзімді масайған адамдай сезіндім. Сол кезде қызметкерлер мені бухгалтерияға апарып, алдыма қағаздар берді. Оны оқып та үлгермедім. Қол қойыңыз, кейін бәрін түсіндіреміз деді. Несие рәсімделіп жатқанын білмедім.
«Қармаққа қалай түскенімізді білмейміз» деген әйелдер мұнда теріге жасалған күтімнің мүлдем көңілден шықпағанын айтады. Бірақ ұнамаған қызметтен бас тартқанымен, рәсімделген несиеден енді құтыла алмай жүр.
Секерхан Нұрдәулетқызы, Алматы қаласының тұрғыны:
- Келсем, болды, «142 мың төлеңіз, біз сіздікін жауып береміз» дейді. «Не үшін мен 142 мың төлеймін?» десем, «айтпаймын, түсіндірмеймін, қайда барсаңыз, сонда барыңыз» деді.
Секерхан Нұрдәулетқызы амалдың жоқтығынан көрсетілмеген қызметке 8 ай бойы ақы төлеп келген. Бұлар жарнамасы жер жарған орталыққа дәл осылай алданған адамның көп екенін айтады. Сондай-ақ, құжатқа қол қойдырғанша, алдымызда құрдай жорғалаған қызметкерлер келісім-шартты бұзуды сұрағанда «беттен алып, төске шапты» дейді Секерхан. Ал орталықтың заңгерлері тілшілерге несиені әркім өз еркімен рәсімдегенін мәлімдеді. Сөзіне сенсек, клиенттерді ешкім мәжбүрлемеген.
Құралай Мекенбаева, медициналық орталықтың заңгері:
- Біздің тарапымыздан заңсыз әрекет жоқ. Мысалы, клиенттердің бірі бірнеше процедурадан өтті. Енді сол үшін төлем жасағысы келмей отыр. Егер олар көрсетілген қызметке толық төлем жасаса, біз келісім-шартты еш қиындықсыз бұзамыз. Оларды мәжбүрлеп ұстау ойымызда жоқ.
Расымен де орталық бүгін әйелдердің кейбіріне мәселесін шешіп берген. Ал тегін бет күтіміне барып, қарыз арқалап қайтқан қалған әйелдер сотқа шағымданамыз деп тарқасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!