Алматыдағы Алатау ауданының бұрынғы әкімі мен оның орынбасары неге қамалды
Алматыдағы Алатау ауданының бұрынғы әкімі мен оның орынбасары екі айға қамауға алынды. Шахмерден Рысбаев пен Саят Ағыбаев ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталған.
20.01.2020
2020 жылға дейін аймақтарды дамыту бағдарламасына бөлінген қаражатты Алатау ауданының бұрынғы басшылары құлқыннан өткізіп жіберген. Әкім мен орынбасардан бөлек, осы ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы да күдікке ілініп отыр. Бірақ ол кінәсін мойындауына байланысты қамауға алынбапты. Десе де, жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның құрығына іліккен шенеуніктердің әзірге қанша ақша және оны қандай жолмен жымқырғаны белгісіз.
Айта кетейік, Шахмерден Рысбаев Алатау ауданына 2017 жылы әкім болып тағайындалған еді. Ұсталарынан бір күн бұрын ол өз еркімен жұмыстан кетіп, орнына Азамат Қалдыбеков тағайындалды.
Абай Жарылқасын, Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы:
- Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысымен, күдікті Шахмерден Рысбаевқа қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы санкцияланды. Ол сотқа дейінгі іс жүргізу органымен ҚР ҚК 189 бабының 3-бөлігімен күдікке алынды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!