{metadescription}
Шаруалар: Малды тірідей шетелге шығаруға тыйым салу – қате шешім
Шаруалар: Малды тірідей шетелге шығаруға тыйым салу – қате шешім

Шаруалар: Малды тірідей шетелге шығаруға тыйым салу – қате шешім

Қазақстандық шаруалар малды тірідей шетелге шығаруға тыйым салған Үкіметке наразы. Олар бұл шешімді қате деп санайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа тыйым салынғанын бірер күн бұрын жариялады. Өйткені малдың тірідей шетел асуы ет өнімдерінің қымбаттауына негіз болды дейді шенеуніктер. Министрліктің бұл шешімін қолдап отырған кәсіпкерлер де аз емес екен. Тараптардың пікірін КТК тілшісі тыңдап келді.

Шетелмен шаруасын дөңгелетіп отырған шаруалар енді малын қайда жібереміз деп әлек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің экспорттауға салған тыйымы оларға үлкен кедергі. Ал министрлік өкілдері тірі малды жаппай сыртқа шығару елдегі бағаға кері әсер етті дейді.

Еркебұлан Ахметов, ҚР АШМ департамент директоры:

- Тыйымның салынуы ет және ет өнімдері бағасының қымбаттап кеткеніне, отандық ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жүктемесінің төмендеп кетуіне негізделіп жасалып отыр. Мәселен, былтыр ет өңдеу кәсіпорындары өз қуатын толық пайдалана алмады. Оған шикізат тапшылығы себеп. Ал шикізат шетелге кетіп жатыр.

Елордадағы ірі ет және ет өнімдерін сатумен айналысатын кәсіп иесі экспортқа малды сату дұрыс деген пікірде. Себебі, бізде баға мен сапа сәйкес емес. Етті, ірі қара малдың жақсысын шетел асырып, әлеуметке қиянат жасап отырмыз дейді.

Мадияр Советов, кәсіпкер:

- Еттің ең жақсысын біз шекарадан асырып жатырмыз. Ал ең сапасы төмені өзімізге қалып жатыр. Бұл халыққа жасалған нағыз қиянат қой. Бұл мораторий ең алдымен сапаға, сосын бағаға әсер етеді деген ойдамын. Тағы бір айтатыным, тыйым импортты субсидиялауға тиімді болмақ.

Былтыр Қазақстаннан шетелге 156 мың бас ірі қара мал шығарылған. Басым көпшілігі – 121 мың 600 бастайы Өзбекстанға, 14 пайызы Арменияға экспортталыпты.

Малды шетелге экспорттауға салынған тыйым Ауыл шаруашылығы  министрлігіндегілердің айтуынша, біріншіден, халықтың қалтасын қақпайды. Яғни, бұл дегеніңіз ет және ет өнімдері қымбаттамайды деген сөз. Ал шаруалар болса, тыйым алыпсатарларға жол ашады деп күйінуде.

Өйткені делдалдар сойылған малды арзан алып, кейін саудагерлерге екі есе қосып сатады дейді. Ал төрт түліктің басын көбейтемін, пайдаға кенелемін деген шаруалар амалдың жоқтығынан отбасын асырап, несиесін өтеу үшін малды немесе оның етін арзанға сатуға мәжбүр.

Амангелді Сопбеков, «Құт-береке» шаруа қожалығының басшысы:

- Ішкі нарықта алыпсатарларды байытамыз. Мысалы сіздің 10 сиырыңыз бар. Қымбат сатқан тиімді ме әлде арзан сатқан ба? 10 сиырыңыз болса, экспорт жабылса, сіз жарты бағасына сатасыз. Жарты бағасына да жетпейді. Қарапайым халықты ойлауымыз керек қой.

Мал бағумен күнелтіп жүргендер еліміздегі ет одағымен бірлесіп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне хаттама әзірлеп, жібермек. Алайда министрлік жарты жылға салынатын тыйым бойынша шешім шығарылып, жақын арада қол қойылады деп қысқа қайырды. Егер нарық мораторийдің тиімді екенін дәлелдесе, бұл құжатты әрі қарай созылуы мүмкін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде