{metadescription}
Алматыда қисайған тоғыз қабатты үйдің тұрғындары баспанасына кіруден бас тартты
Алматыда қисайған тоғыз қабатты үйдің тұрғындары баспанасына кіруден бас тартты

Алматыда қисайған тоғыз қабатты үйдің тұрғындары баспанасына кіруден бас тартты

Қисайған үйден қауіп сейілмей тұр. Алматыда бір айдан астам уақыт артқа қарай шалқайып тұрған тоғыз қабатты үйдің тұрғындары  жанайқайын жеткізді. Олардың айтуынша, Зерделі ықшам ауданындағы үйде келер айдан бастап қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады. Бірақ бұған дейін пәтерінен көшірілген тұрғындар баспанамызға «қайтып келмейміз» дейді. Тіпті ашулы тұрғындар баспананың ақшасын нарық бағасымен қайтарып беруді немесе өзге пәтер сұрап отыр.

Жетпіс екі пәтерлік көпқабатты үйде қазір ешкім тұрмайды. Тұрғындардың бәрі әкімдік уақытша жалға алып берген пәтерлерді паналап жүр. Егер үй иесі қандай да бір керек-жарағын алуға келсе, тек полицияның рұқсатымен табалдырықтан аттай алады.

-Сіздер келмес бұрын үйге келіп көрдім, есік құлыппен тез ашылатын. Қазір әрең аштым. Ал мынау көтергіш қабырға. Бұл бетон ғой. Бетонда, міне, қараңыз, жарық бар.  

Зерделі ықшамауданында бір жағына қисайған үйден отбасымен үдере көшкендердің бірі – Эльмира Әлімжанова. Баспанасына үрейлене бас сұққан келіншек қабырғадағы сызаттың күн санап көбейгенін айтады. Ал мемлекеттік бағдарламамен әрең қолы жеткен баспанасының болашағына алаңдағандар атқамінерлер «жанайқайымызды жүре тыңдайды» дейді.

Эльмира Әлімжанова:

-Сыни межесі ол кезде 7,5 сантиметр болған, жиналыста КазНИСА басшылығы сұрағымызға 8 деп жауап берді. Ал қазір 13,7. Бұл қалыптан жоғары. «Апатты үйде мойындайсыздар ма?» десек, «жоқ»- дейді.

Тұрғындардың айтуынша, жергілікті шенеуніктер құрылыс кезінде бірқатар талаптың бұзылғанын анықтапты. Тіпті бетон маркасы сәйкес келмеген көрінеді. Ал үйдің апатты  жағдайда екенін мойындауды талап еткен тұрғындар басқа баспана беруін сұрайды.

Эльмира Әлімжанова:

-Егер қалпына келтірсе де, біз бұл үйде тұруға мүлде қарсымыз. Өйткені бұл үйде қауіп жоғары. Ешкім кепілдік бермейді, қанша жыл тұрады. Біз бір жыл, екі жыл тұрып кететін адам емеспіз.

Айжан Балқыбекова:

-Егер де бізге жаң үй берілмейтін болса, онда осындағы 72 тұрғынның барлығына нарықтық бағада үйдің ақшасы берілсін. Біз өз ыңғайымызға қарай, бала-шағамыздың ыңғайына қарай, үйді өзіміз табамыз.

Айта кетейік, өткен желтоқсан айында Зерделі ықшамауданындағы 179-шы үй аяқ астынан артқа шалқайып, тұрғындар түгел көшірілген болатын. Іле-шала мамандар «жан-жақты тексеру жүргізді» деген әкімдік өкілдері қалпына келетін қисайған үйден қауіп жоқтығын айтты.

Руслан Сақтағанов, Алматы қаласы Жайлы  қалалық орта басқармасы тұрғын үй саясаты бөлімінің басшысы:

-Мамандар топырақ қабатын, көтеруші құрылғыларды жіті тексерді. Олар үйді қарсы бетінен топырақты қазу арқылы түзетуге ұсыныс жасады. Үйді беріктендіріп, қалпына келтіру жұмыстары аяқталған соң қауіпсіздігіне қосымша тексеру жүргіземіз.

Әкімдіктегілердің айтуынша, үйді қалпына келтіру жұмыстары ақпан айында басталады. Бірақ іргетасын нықтауға кемінде 2-3 ай уақыт қажет екен. Ал қазір кісі есігінде телмірген тұрғындар «бәрібір көшіп келмейміз» деп бекініп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

29 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде