{metadescription}
Ақ орда! Шымкентте мембағдарламамен берілген үйлер төрт жыл болмай тозығы шықты
Ақ орда! Шымкентте мембағдарламамен берілген үйлер төрт жыл болмай тозығы шықты

Ақ орда! Шымкентте мембағдарламамен берілген үйлер төрт жыл болмай тозығы шықты

Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен берілген үйлер  төрт жыл болмай тозып кеткен. 30 көпқабатты үйдің сыртқы келбеті Арыстағы жарылыста қалғандай күйде. Кейбірі шөгіп, пәтерлердің іші сызатқа толып кетіпті. Баспана кезегіне жылдап тұрып, 20 жылға жалға алған жұрт бір күні үйіндінің астында қалып қоямыз ба деп қорқады. Ал құрылысты жүргізген мекеменің мұртын балта шауып отырған жоқ. Сыры да, сыны да кеткен үйлерге тілшіміз барып келді.

Асар ықшамауданындағы  бес қабатты 30 үй баспана кезегінде тұрған мемлекеттік қызметкерлерге  төрт жылдай бұрын беріле бастаған. Кезінде қуана-қуана пәтерге кірген жұрттың қуанышы бірден су сепкендей басылыпты. Себебі, пәтерлердің қабырғалары сызаттанып кеткен.

Ғалия Қалдыбай, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Алғанымызға  үш жыл болған жоқ. Бірақ, үйдің ішінде жарықтар пайда болды. Енді 20 жыл төлеп боламыз дегенше, білмеймін, қалай болатынын.

Үйлердің кейбірінің жертөлесі судан арылмайды. Ал қайсыбірі тіпті бірер жыл өтпей, қатты шөгіп барады дейді. Мәселен, жертөле сызатқа толы әрі жыл санап емес, ай санап шөгіп жатыр екен.

-Біз көшіп келгенде былай шөккен жоқ. Мынау бері қарай түсті, мынаның екі ортасы ашылып қалды. Біз ескерткеннен кейін, олар мынандай көбік құйып берді.

Үйдің кіреберісінен бастап, іші мен сыртын жөндеп беріңдер деп дабыл қаққан тұрғындар Шымкентте еститін құлақ жоқ деп налиды. Пәтерлерін 20 жылға жалға алып, сосын өзімізде қалады деп отырған жұрт ол мерзім біткенше, ғимараттардан түк қалмайтынына сенімді.

Жазира Өмірзақ, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Қазір  екі жылдан аса осындай боп жатса, 20 жылға дейін үй мүлдем құлап қалады. Үйдің сапасын тексерсін. Сапасыз үй. Сонда біз ақшаны ауаға төлеп жатырмыз.

Мемлекеттік қызметкерлерге үйді жалға беріп жатқан Қазақстан ипотекалық компаниясының да үйді салғандар мен қабылдап алғандарға өкпесі қара қазандай. Енді соттаспақшы.

Жаналы Наралиев, Қазақстан ипотекалық компаниясының өкілі:

- Ол кісілер «қарастырамыз, болды, жасаймыз» деп  келген кісілермен. Нақты мерзімін айтпайды. Сондай көреміз деп. Ол кепілдік кезінде істеп береміз деп, осындайға созылып кетті. Осы уақытқа дейін тек аздап істеп, айтқан уәдесінде тұрмады.

30 үйдің құрылысын жүргізген «Ақ Орда» корпорациясы  үш жылдық кепіл мерзімі ішінде үйлерді екі мәрте «сыртын сырлап бердік» дейді. Ал қазір кепіл мерзімі біткен. Бірақ жұрт жан-жаққа арызданып жатқан соң, кезінде өздері жасаған «скайвер» атты қаптама материалды алып тастап, оның орнына сайдингпен қаптатуды көздеп отыр. Ал оған қаржының жартысынан көбін мемлекеттің есебінен алмақшы.

Айдар Исанбеков, «Ақ Орда корпорациясы» ЖШС бөлім басшысы:

- Әкімшілікке біздің ұсынысымызды бердік. Әкімшілікпен осы жаздан бері нені...  неғып тұрмыз ғой...  сол мәселелерді ақылдасып, егер әкімшілік қолдап жатса,  көмегімізді береміз.

Ал баспана алғалы үйді жөндеп беруді өтініп түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырған жұрт шымкенттік құзырлы орындарға сенуден қалған. Енді олар жаппай қол жинап, шымкенттік «Ақ орданың» үстінен Елордалық Ақордаға шағым жазбақшы.

 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде