Атыраудың шеткі елді мекен тұрғындары журналистерге мұңын шақты
Атырауда шеткі елді мекендердің тұрғындары әкімдіктен автобус сұрайды. Себебі, онда қоғамдық көлік қатынасы аса қиын. Жұрт соңғы үш айдан бері автобустар біздің жаққа келуді мүлде сиретті деп отыр. Жауапты мекемелер мен құзырлы органдарға жазған арыз-шағымдарынан пайда болмаған соң, тұрғындар журналистерге мұңын шақты. Ауыл тұрғындарының бұдан өзге де шешімін таппай тұрған мәселелерін тілшіміз баяндайды.
Автор: Бекен Әлирахимов
22.01.2020
Алғабас, Тасқала елді мекендерінде 8 мыңнан астам адам тұрады. Мұндағы тұрғындардың көпшілігі – жас отбасылар. Яғни таңертең және кешкілік балалардың мектепке барып-келуі мұң. Автобус бұл жаққа екі-үш сағатта бір келеді дейді көпшілік.
Ботагөз Дәулетова, Тасқала ауылының тұрғыны:
- Жұмысқа баратыны бар, сабаққа баратыны бар, өте қиын жағдай. Автобус жіберсін. Такси жалдауға жағдайымыз көтермейді. Сол үшін бізге автобус керек. Көптен бері автобус жоқ. Көрінер-көрінбес тек біреу жүреді. Балаларды мінгізбейді. Сонда балалар қыста тоңып өле ме?
Ауыл тұрғындарының көрген күні осы. Жаяу жүргінші жолы жоқ, ауыз су мен жарық екі күннің бірінде болмайды. Көше толы қаңғыбас ит, қиын жағдайда жедел жәрдем мен полиция да бұл маңға беттемейді екен.
Асқар Биғалиев, «Тасқала» ауылының тұрғыны:
- Тым құрығанда медпункт қойса. Жүгіріп барып келе қоятын көршілер бар. Қазір жаңа аудандарда тонау бар, ұрлық жасайды, құттай балаларды зорлайды, сондай көп. Әкімдік білмеймін, қайда қарап жүр? Жалпы мен өмірімде мында келіп, бізбен сөйлескенін көрген жоқпын.
Тасқаланың тұрғындары осылайша ауылымыздың аты затына сай дейді. Ал қоғамдық көліктердің жүру бағытын реттеп, жолаушы тасымалын ұйымдастырушы кәсіпорын директоры тұрғындардың сөзін жоққа шығарды.
Әділбек Тәкиев, «Смарт Атырау» КМК директоры:
- Тұрғындар өтірік айтады. Әзірге ол ауылдарға екі автобус жүреді. Тек автобустардың қатынаудағы уақыт аралығы 45-50 минуттан. Осыған байланысты тұрғындар автобус жоқ деп отыр.
Екі ауылға бөлінген екі автобусты тұрғындар соңғы үш айдан бері мүлдем сирек көреді екен. «Аралығы 45-50 минут болса жақсы ғой» - дейді олар. Сағынтып келетін автобусты сарыла күтуге де болар еді. Бірақ жөні түзу аялдама да жоқ. Жақын маңдағы дүкенге тығылса, ештеңе сатып алмағасын олар да қуып шығады екен.
Мыңдаған тұрғыны бар ауылдағы жалғыз автобус аялдамасының сиқы осы. Қыста пана, жазда сая болмасы анық. Ал таңертең мектепке баратын балалардың қарлы боран мен аязда сағаттап автобус күтуіне тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!