Қызылсуат! Елорда түбінде қар құрсауында қалған тұрғындардың күдері үзілді
Елорданың түбіндегі елді мекен бірнеше күннен бері қар құрсауында отыр. Күртік қарды тазалап жарытпаған тиісті орындардан күдер үзген соң, іске ауыл тұрғындарының өздері кірісті. Өйткені қарға қарап отыра беретін жағдай жоқ. Көлік қатынасы тоқтап, ауылға азық-түлік жеткізілмей жатыр. Боранда қалған Қызылсуат ауылындағы жағдайды тілшіміз көріп келді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
22.01.2020
-Ақтүтек бораннан түсіру камерамызды да тазалауға тура келді. Елорда іргесіндегі Қызылсуат ауылы маңында тұрмыз. Елді-мекенге кіретін жалғыз жолдың сыйқы жаман. Неше күннен бері кепілдікке алған қар мен бораннан ауылдың тіршілігі тұралап қалған.
Қатты соққан боран қызылсуаттықтарды әбден әбігерге салды. Далада жаяу жүру мүлдем мүмкін емес. Бір қадам да бастыртпайды. Ал көлік тізгіндегендер қалың қарға батып, шыға алмай жатты.
Қар құрсауында қалғандардың тек арнайы көлік келгеннен кейін ғана көзі ашылды. Ең сорақысы, бұл жерде коммуналдық мекемелер көрінбейді. Қар тиегіш техникаларды жұрт өздері жалдап отыр. Ал ақысы удай. Әрбір сағатына 10 мың теңгеден асыра төлейді. Жағдай қиындап, қатынас үзілгендіктен ауылға азық-түлік келмей, қаншама үй аш отыр.
-Бес-алты көрші бар, өзіміз бір жалдаймыз. Арғы жағындағы көршілер тағы жалдайды. Сағатына 10 мың, 12 мың теңге. Ол үш сағат істесе, бірталай ақша ғой.
-Қазақпыз, түсініп бәріміз, 1000 теңгеден аударамыз. 100 теңгені аударып, осылай тазартамыз. Шынын айтқанда, басқа амал жоқ.
-Дүйсенбі, 19 күні әкем қайтты. Сонда жедел жәрдем көлігі кіре алмады. Бір сағаттан кейін ғана келді. Жүректен қайтты. Бораннан кіре алмады.
Қызылсуатта 500-ге жуық түтін бар. Елордадан 10 шақырым жердегі елді мекеннің ішінде де жағдай мәз емес. Қарды арнайы көлік көшенің шетіне шығарып тастап жатыр. Адам бойындай күрттік қар ерісе, көресіні көктемде көреміз деген үрей басымырақ. Ауылдың тыныс-тіршілігіне жауапты шенді қолдағы ескі техникамен күнелтіп отырғанын жасырмады.
Орынбай Қасымов, Талапкер ауылдық округінің әкімі:
-Бар техниканың ескіргенінен, жетіспегеннен, мүмкіншілігіміз шамалы, жете алмайды. Ауылдың ішіндегі көшелерді біртіндеп ашпасақ, бірден ашуға мүмкіндік жоқ. Техника жетіспейді.
Қолайсыз ауа райының кесірінен елордадан тысқары жерге қатынайтын бірнеше қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылды. Ал боранның қашан басылатыны әзірге белгісіз. Табиғат үш күн бойы райынан қайтпайды. Синоптиктер қар жауып, тұман түседі деп болжайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!