Ұшақ апатынан аман қалғандар дүние-мүлкінің тиісті өтемақысын ала алмай жүр
Жара үстіне жамалған жара! Алматы маңындағы ұшақ апатынан енді айыққан жолаушылар тағы бір кедергіге тап болды. Олар жоғалған, бүлінген дүние-мүлкінің тиісті өтемақысын ала алмаймыз ба деп алаңдайды. Әзірге көңілге жұбаныш болар жауап айтқан ешкім жоқ. Амалдың жоқтығынан жолаушылардың бірсыпырасы заңгерлердің көмегіне жүгінген. Апатта зардап шеккендердің алды тіпті әлеуметтік желіде президенттен көмек сұрады. Сақтандыру компаниясы әзірге «әліптің артын бағамыздан» әрі аса алмай отыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
22.01.2020
Қабырғаны қайыстырған сол қаралы күннің өткеніне айға жуықтады. Апаттан аман қалғандар жоғалған, бүлінген заттарының өтемақысын қайтаруға енді ғана кірісіп жатыр. Бірақ ә дегеннен көбінің беті қайтқан.
Жанетта Бегахметова жолаушылардың мәселесін заң аясында шешуге тегін көмектесуге келіскен заңгер. Қазірдің өзінде 10 адамның ісімен айналысуда. Бүлінген жүкті даулағандардан бөлек, оған асыраушысынан айырылып, оның атындағы ипотекасын қалай төлерін білмейтіндер де, тіптен дәріге ақша таппағандар да хабарласқан.
Жанетта Бегахметова, заңгер:
- Сақтандыру компаниясы дәрі-дәрмекке кеткен шығынның түбіртегін әкелген кезде ғана өтемақыны төлейміз деген. Бірақ өтемақының да шектеуі бар. 200 айлық есептік көрсеткішке дейін. Тіпті ақшаң болмаса, қарыз ала тұрыңдар деген. Апатта бүлінген заттардың өтемақысын нақты қалай төлейтінін де әзірге ашып айтпай отыр.
Аманат сақтандыру компаниясы мәселеден хабардар. Жауапкершіліктен жалтармайтынын айтып, бәрін заңға сілтейді. Жоғалған сөмкенің әр келісіне 20 доллардан төленеді. Ал бүлінгені бағаланады. Бірақ, қандай құнды зат болмасын, белгіленген тарифтен аса алмайды екен.
Дінмұхаммед Зиядин, Аманат сақтандыру компаниясының қоғаммен байланыс маманы:
- Жолаушылардың жүгіне қандай да бір зақым келсе, онда біз 250 айлық есептік көрсеткіш көлемінде содан аспайтын көлемде төлем жүргіземіз. Біз тек заң аясында жұмыс істейміз. Ал заң бізден белгіленген құжаттардың негізінде төлем жүргізуді талап етеді. Сондықтан біз алдын ала ешқандай төлем бере алмаймыз.
Шарасыздықтан зардап шеккен жолаушылар әлеуметтік желіде президентті араша түсуге шақырып хат жазуда. Алматылық Әсел Әбілдаева Қасым-Жомарт Тоқаевтан тиісті өтемақыны төлеуге көмектесуін тілейді.
Әсел Әбілдаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Біз егер президентке хат жазсақ ол осы мәселеге назар аударып, бір нәтиже шығарамыз деп ойлаймын. Бірінші кезекте «Бек Эйр» осы жағдайға жауапты. Олардың жауапкершіліктен қашуы өте ұят. Бізге тіптен басқасын айтпағанда, билеттің ақшасын қайтармады.
Заңгерге жүгінген жолаушылардың көбі материалдық шығыннан бөлек, моральдық шығынды да өтеп алғысы келеді. Өйткені сақтандыру компаниясының өтемақысы бар жыртығын жамамайды. Бірақ тергеу қорытындысы жарияланбай, әзірге моральдық шығынды кім өтері сұрақ күйінде қалады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!