Алматы облысында мектепке кетіп оралмаған екі қызға іздеу жарияланды
Алматы облысында екі бірдей жасөспірім жоғалды. 12 және 14 жасар Талшын Қызырбай мен Ару Бекберді кеше таңертең мектепке кетіп, сол күйі үйіне оралмаған. Қыздарының не тірі, не өлі екенін білмеген ата-аналар өзін қоярға жер таппай отыр. Хабар-ошарсыз кеткендерді полицейлермен қоса бүкіл Алдабергенов ауылының тұрғындары жер-жерден іздеуде. Ал тәртіп сақшылары қос құрбы Алматыда жүрген болуы мүмкін дейді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
22.01.2020
Алдабергенов ауылы кешеден бері абыр-сабыр күйде. Қай үйге барсаң да жоғалған қыздарды сөз етеді. Ұшты-күйлі кеткен Ару мен Талшын көрші тұрады екен. Екеуі арасынан қыл өтпес дос. Олар мектепке күнде бірге барып-қайтып жүрген дейді ата-аналары. Кеше де әдеттегідей таңғы 8 шамасында сабаққа кетіп, үйіне қайтып оралмапты.
Қыдырәлі Бекберді, Арудың әкесі:
- Бізге «балалар мектепке келмеді» деп апайлар хабарласты. Сол арқылы оны сағат тоғыздан бастап іздеп таба алмай жатырмыз.
Жасөспірімдердің жақындары содан бері сары уайымға салынып жүр. Олар Ару мен Талшынға үйде біреу-міреу ұрысып, ренжіткен емес дейді. Қос құрбы бұрын алыс жолға да шығып көрмепті.
Мақпал Жүніс, Талшынның анасы:
- Қыдырып кететіндей емес. Талдықорғанға да бара алмайды. Үйден шығып көрмеген бала болатын. Енді не боп қалғанын білмеймін.
Полицейлердің болжамы бойынша, жасөспірімдер Алматыда жүруі мүмкін. Бір айта кетерлігі, Ару мен Талшынның қолында 10 мың теңге шамасындай ақша болған. Қыздарды полиция қызметкерлері кешеден бері аяқтан тік тұрып іздеп жатыр. Сондай-ақ, іздеу жұмыстарына жергілікті тұрғындар, мектеп мұғалімдері мен еріктілер жұмылдырылған.
Серік Үпиев, Алматы облыстық ПД ресми өкілі:
- Ауылдағы және сол ауылға жақын орналасқан елді мекендердегі иесіз үйлер, шатырлар мен жертөлелер жіті тексерілуде. Сонымен қатар іздеу жұмыстары Талдықорған мен Алматы сияқты қалаларда да ұйымдастырылды.
Қыздарынан көз жазып қалған көршілер олардың аман-есен оралуын тілеумен отыр. Екеуін көрген-білгендер болса, полицияға хабар беруін сұрайды. Жалпы, Алматы облысында жыл басынан бері осымен 6 жасөспірім жоғалған. Әзірге олардың үшеуі ғана табылыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!