МО-25! Алматыда жыл бойы жалақы алмаған жұмысшылар басшылыққа басып кірді
Жалақы көрмегелі жылдың жүзі болған! Алматыда бір топ жұмысшы айлығын даулап, басшылық отырған кеңсеге басып кірді. Былтырдан бері олар маңдай термен тапқан теңгелеріне қолы жетпей сенделіп жүр. Ал "Мостостроительный отряд" компаниясы қалада көпір салумен айналысқан қызметкерлеріне жалақы «түбі бір беріледі» деп сендіріп отыр. «Жағдайымыз мүшкіл» деген басшылар, қолындағы техникаларын сатылымға қойыпты.
Автор: Асқарбек Қазанғап
24.01.2020
Қара жұмысшылардың ашуы қаңтардың қытымыр аязынан да қатулы. Айлығын айлап алмағандар бас кеңсеге басып кіріп, бастықты қаумалап алды. Алды жыл, соңы 6 айдан бері жалақы көрмегендер берешегін бермейтін қожайынның құрғақ уәдесінен қажыған.
Сара Бекетова:
- Бәрінің несиесі, бала-шағасы бар, осында жүрміз. Келген сайын қайта-қайта «береміз» деп уәде береді. Карталарыңа жібереміз деген, әлі түскен жоқ.
Жиынға басқа қалалардан да жұмысшылар жиналды. Бірі 300 мың, екіншісі 500 мың, тіптен миллион теңгесін даулағандар бар. "Мостостроительный отряд" компаниясы жалақымен қоса, зейнетақы қорына да көк тиын аудармады дейді ашулы жұмысшылар.
-Зейнетке шықтым, барсам – жоқ.
-Зейнетақыға аударылым үш жыл бойы жоқ деді.
-Қой, олай болуы мүмкін емес.
Компания басшысыТимур Накусов тапсырыс берушілерден қаржыландыру тоқтаған соң «осындай күйге түстік» дейді. Қазір 40-тан астам жұмысшыға жалпы сомасы 17 миллион теңге қарыз. Тығырықтан шығу үшін баланстағы техникаларды сатылымға қойыпты.
Тимур Накусов, «МО-25» құрылыс компаниясының директоры:
- Қапшағай қаласындағы бір кранды сатылымға қойдық. Неғұрлым тез өтсе, соғұрлым айлықтарын тез береміз деп ойлаймын. Қаржыландыру уақытша тоқтағанда, бәлкім штатты толық ұстамай тарату керек пе еді. Бұл енді біздің тараптан кеткен қателік.
"Мостостроительный отряд" жауапты қалада қазір екі нысанның жұмысы тоқтап тұр. Компания басшылығы жақын арада қаржыландыру «қайта болады» деп сендіргісі келеді.
Рысқұлов көшесіндегі көпір өткен көктемнен бері жөндеу көрмеді. Қол байлаған қаржы жұмысқа тұсау. Бәрін тұралатты. Басталған істің қашан бітетіні әзірге белгісіз. Ал жауапты компанияның жауабы мынау. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» әзірге кешірім сұраумен сытылуды жөн көргендей.
Бірақ бұл кешірімге жылдап жалақы алмағандардың көнгісі жоқ. ашулы жұмысшылар: «Төзім таусылса, ешнәрсе тосқауыл болмайды» - деп ескерту айтып тарқасты.
-Офисті өртейміз, адамдарды маңдайына келіп компьютерге жару керек болды. Әйтпесе жоғары жаққа жету керек, біздің айқай-шуымыз...
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!