Бір түнде қорадағы 206 бас қойын қасқыр қырып кетті – Жамбыл облысы
Жамбыл облысында қасқырлар бір қора қойды қырып кетті. Түз тағылары бір түнде 200-ден аса Шопан ата тұқымын жайратып тастаған. Оның тең жарамы арам өліп, көзі жойылды. Ал ағадал малынан айырылған шаруаның бөрімен алысуға қауқары жоқ. Себебі, жабайы аңды атуға тыйым бар. Қыруар шығынға батқан тұрғынға өтемақы беріле ме, жауабын тілшіміз айтып берсін.
Автор: Руслан Әбдіхалық
28.01.2020
Қызыләуіт ауылының жұрты үрей құшағында отыр. Себебі, ауыл іргесіндегі шаруаның қорасына қасқыр шауып, 206 бас қойды жайратып салған. Тек 30-ға жуығы ғана аман қалыпты.
Түз тағылары ашық қорға түнде түскен. Алайда тәтті ұйқыда жатқан мал иесі де, шопан да даладағы шуды естімепті. Тек таңғы төрт шамасында болары болып, бояуы сіңгенде ғана тысқа шыққан. Жануардың басым бөлігі өлген, ал шалажансары пышақа түсті.
Ақтөре Әбдебай, шаруа:
- Біттім дедім, барына сеніп отырған малым, атымда басқа ештеңе жоқ. Мұңымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 2000-шы жылы келгенбіз. 20 жылдық еңбек кетіп отыр. Бір-екі жылда пайда болған жоқ.
«Қыруар шығынға баттым» деген кәсіпер бөрілердің үйірімен жүргенін айтады. Әрі арасында бөлтіріктері болып, соларды «ауыздандырған» дейді. Бұған дейін де аталмыш ауданда қасқырдың малға шабу дерегі көп болған. Ал бұл жолғысы жұртты шошытты. Алайда ен далада жүрген түз тағысын атуға рұқсат жоқ. Тек қораға кіргенді ғана өлтіруге болады.
Жанболат Әбен, Қызыләуіт аулының тұрғыны:
- Қасқырды атуға заңмен тыйым салды. Оны, көбейіп бара жатыр. Күнде жан-жақтан көріп жүрміз.
Аймақ жұрты қаптаған қасқырлармен қалай күресерін білмей дал. Бүйте берсе, адамға да шабуы мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан бұқара түз тағысының көзін құртуға әкімдік білек сыбана кіріссін дейді. Ал шенділер әзірге жағдайдың салдарымен күресіп әлек. Яғни, өлген малдан «ауру тарай ма?» деген үреймен өлекселердің көзін жойып жатыр.
Қабылғали Жампозов, Қызыләуіт ауылының мал дәрігері:
- Өте ауыр нәрсе. Жап-жас балалар. Әкесінің кәсібін жалғастырып келе жатқан жігіттер.
- Оған енді өтемақы беріле ме?
- Білмейміз енді. Жұқпалы ауру болса, өндіреді деген жағдай бар. Ал бұл жұқпалы ауруға жатпай тұр. Бұл – апат. Өзіміз де түсінбей тұрмыз, өте ауыр нәрсе.
Адал бауыздалған Шопан ата тұқымының саны 100-ге де жетпейді. Оны сату да оңай емес. Өткізген күнде арық малдың бағасы арзан. Сондықтан кәсіпкерді ауылдастары қолдап, әрқайсысы бірнеше қойдан бөліп алды. Ал көктемде басына бас, тірідей қайтарып бермек. Айта кетейік, шаруаға келген шығын көлемі шамамен 10 млн теңгеден асады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!