Жамбыл, Қызылорда облысында коронавирус күдігімен үш адам ауруханаға түсті
Аурудың алашапқыны аймақтарда да басталды. Жамбыл мен Қызылорда облысында коронавирус жұқтырды деген күдікпен үш адам ауруханаға түсті. Қазір дәрігерлер науқастарды жан-жақты тексеріп жатыр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
29.01.2020
Алғашқы дерек Шу қаласында тіркелді. Сарыағаш-Астана бағытындағы пойыздан екі Қытай азаматы түсірілген. Олар көп түшкіріп, жөтеле берген соң күдікке ілініпті. Сөйтіп шұғыл аруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер қауіпті кеселдің белгілері жоқ деп мәлімдеп отыр. Сонда да екі шетелдік 14 күн бойы бақылауда болады. Ал, қызылордалық тұрғынның тоғыз күн бұрын Қытайдың Санья қаласында емделгені белгілі болды. Сол жақтан оралғаннан кейін дене қызуы көтеріліп, өзін әлсіз сезініпті. Екі күн үйде емделіп, аурудың беті қайтпаған соң амалсыз ауруханаға өзі келген. Ақ халаттылар оған жедел респираторлы вирусты инфекция деген диагноз қойып, дереу оқшаулады. Ал еліміздің бас санитар дәрігері науқастың коронавирус жұқтырмағанына бек сенімді.
Жандарбек Бекшин, ҚР Бас санитар дәрігері:
- Науқас дене қызуымен және бас ауруымен түсті. Сұрау барысында анықталғандай, пациент жуынғаннан кейін вагонда терезе ашық кезде ұйықтап қалған. Ол Хайньян аралынан оралғандықтан, бөлек боксқа оқшауландырылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!