Дүңгіршікте газ жарылып, кезекте тұрған төрт адамды от шарпыды – Теміртау
Теміртауда тағам сататын жылжымалы дүңгіршекте газ баллоны жарылды. Бес адам зардап шеккен, араларында төрт жастағы бүлдіршін бар.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
30.01.2020
Дүңіршектегі өртте қалған сатушыны куәгерлер алып шыққан. Оқыс жайт түс мезгілінде болыпты. Дүңгіршекте газ баллоны жарылып, дем арада өртке ұласады. Сол сәтте тағам алуға кезекте тұрған үш ересек адам мен бір бүлдіршінді от шарпыған. Ауруханаға жеткізілгендердің беті мен аяқ-қолын күйік шалған. Дәрігерлер қарағаннан кейін төрт жастағы бала үйіне жіберілді. Өрт тез сөндірілгенімен, тілсіз жау көрші тұрған сауда орталығының қабырғасын шарпыған. Ондағылар апат бола сала, ғимараттан қашып шыққан.
Иван Самойлов, Теміртау қаласының тұрғыны:
- Алғашында гүрс еткен дыбыс естідім, терезеден от жалынды көрдім. Сауда орындағы жарықты өшіріп, далаға қаштық. Жедел жәрдем жақын маңда болды-ау деймін, тез жетті. Полиция апат орнын қоршап, өрт сөндірушілер өртті жылдам өшірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!