Қытайдағы студенттердің артынан жіберілетін борт дайын тұр
Үкімет Қытайда қалып қойған студенттердің артынан арнайы борт жіберуге дайын. Бірақ әзірге Қытай билігімен нақты келісім жоқ. Арнайы ұшақ барғанның өзінде тек қауіпті дерт ошағы – Уханьда жүрген отандастарымыз ғана еліне қайтады. Ал қалған студенттер екіұдай күйде қалып отыр. Бір жағынан аман-есен елге қайтудың амалын таппай қиналса, екінші жағынан оқудан шығып қалу қаупі бар. Яғни сабақтан қалғандардың оқудан шығарылатыны қатаң ескертіліпті.
Автор: Аруна Ортай
30.01.2020
Жанын қоярға жер таппай, камера алдында жылап отырған – Елена Бабичева. Оның қызы қазір Қытайда. 9-шы сыныпты бітіре сала шетелге колледжге түскен қыз емтиханға дайындығын пысықтау үшін сонда қалып қойған. Енді қайта алмай жүр. Айтуларынша, әуе қақпасы жабылғанша, ұшатын рейстерге билет қалмаған. Отбасы 4-ақпанға Ресей арқылы бір билет тапқан. Енді онда да әуе қатынасы тоқтап қалмаса деп тілейді.
Елена Бабичева:
- Қызым аман-есен жетсе, басқа сұрарым жоқ. Амандығын көрсем болды. Әр сәт сайын қорқынышпен отырмын. Себебі, оған алдымен жеті сағат йызбен шанхайға жету керек. Жолда қалай болады? Еш нәрсе жұқтырып алмай ма?
Елді аңсап Янчинде екіұдайы күйде жүрген студенттерді тағы бір жағдай қынжылтқан. Айтуларынша, жоғары оқу орны 16-шы ақпаннан басталатын сабаққа студенттер келмейтін болса, оқудан біржолата шығарғалы жатыр.
Бірақ, барлық жерде бірдей емес. Мәселен, Пекиндегі тілдер университеті шетелдік студенттерге, керісінше, «қауіп сейілмейінше, келмеңдер» депті.
Іңкәр Абылқасым:
- Әзірге келмей тұрыңдар деп жатыр. Бірақ, «кешігіп келсеңдер, оқудан шығарылады» деген ақпар өз басым естіген жоқпын. Жалпы, оқу 1-2 аптаға шегерілуі мүмкін. Әзірге ақпарат күтіп отырмыз.
Соңғы мәліметпен Қытайда 2500 отандасымыз жүр. Ал ауру тараған ошақта 98 студент қалып қойған. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев оларды елге алып қайтатын ұшақтың әуежайда ұшуға дайын тұрғанын айтты. Тек Қытай тарапының келісім күтіп отыр.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Ауру ошағында жүрген студенттерді елге қайтару жөнінде Қытайдың Сыртқы істер министрлігімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Егер дипломатиялық келісімге келетін болсақ, оларды алып қайтуға дайынбыз. Ұшақтар дайын.
Студенттер елге жетуге зар боп жүрсе, туристердің қайтатын ойы жоқ. Евгения Муценек мұхиттың желі ескен Хайнаньға бір апта бұрын тур алған. Жағалауда демалып жатуға әлі төрт күні бар келіншек туроператордың мәжбүрлі түрде қонақ үйден шығарып жатқанын айтып шағымданды.
Евгения Муценек, турист:
- Бізді қонақ үйден шығарып, елге қайтарып жатыр. Кеткіміз келмейді. Бірақ ешкім тыңдамайды. Елге қайтуға тура келіп тұр, амал жоқ.
Евгения Муценекпен бірге Хайнань аралында жүрген басқа отандастарымыз да жаппай елге қайтарылуда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!