Қар құрсауы! Семейдің Приречный тұрғындары үйінен шыға алмай отыр
Семейдің іргесіндегі Приречный ауылының тұрғындары бірнеше күннен бері қар құрсауында отыр. Апта бойы азынаған ақтүтек боранмен жауған қар үйлерді төбесіне дейін басып қалған. Жұрт тіпті баспанасынан шыға алмайтын жағдайға жетіпті. Қалың қарды күреуге көмек сұраса, жергілікті әкімнен қайыр жоқ. Мәселені ақшаға тіреп, ауызды қу шөппен сүртеді дейді ауылдықтар. Қарда қалған қарашаның жай-күйін тілшіміз көріп келді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
31.01.2020
Приречный ауылының шетіндегі 30 шақты баспана қарға малтығып тұр. Жауған ақұлпамен алай-дүлей боран қора-қопсыны түгелдей басып қалған. Тіпті тұрғындар терезеден «көршіні көруден қалдық» дейді. Әйтсе де қалың қарды аршуға ауылдық «биліктен қайыр жоқ» деп налиды.
Биылғы қытымыр қыс жұртты әуреге салып отыр. Ұйытқыған желден жиналған ақұлпаның биіктігі шамамен мүш метрге жетеді. Сондықтан қар басқан көшемен көлік тұрмақ, жаяу адам зорға жүр.
Гауһар Қашкенова, Приречный ауылының тұрғыны:
- Мынау не сұмдық?! Мүлдем түсінбеймін. Мына жерге дейін жолды тазалайды, болды. Ал мына жақта адамдар тұрмай ма? Үлкен кісі ауырып, бір жағдай болып қалса өте қиын. Тазаламайды.
Ал ауылдықтар мұны елеп-ескеретін шенеунік таппай дал. Тұрғындардың айтуынша, ауыл атқамінерлері қар астынан шыққан жанайқайды естімейді.
Тамара Шмидт, Приречный ауылының тұрғыны:
- Әкімдікке үнемі хабарласамыз. Халыққа бас ауыртатын ешкім жоқ. Ең болмаса көшемізді де күреуге жарамады. Хабарлассаң, көшені сұрайды да, тұтқаны тастай салады. Одан кейін мүлдем хабарласа алмайсың.
Дегенмен қыс басталғалы көшенің қары бір-ақ рет күрелгенін ауылдық округ әкімі де мойындап отыр. Ал бұған қаражаттың жоқтығы қолбайлау болған. Енді бұл мәселе шешімін тапқанын жеткізді.
Алғатай Байдомалақов, Приречный ауылдық округінің әкімі:
- Қаңтар айының аяғында ғана ақша түсті. Негізі 2020 жылға 1 млн 380 мың ақша бөлінген. Енді ақпан айының төртінен бастап шартқа отырдық. Шарт бойынша ақша төленеді.
Мамандар күн жылымай қалың қарды дереу шығару керектігін де айтады. Оған 7 млн теңге қажет екен. Егер бұл ақша табылмаса, көктемде баспаналар су астында қалуы мүмкін. Ал «құрғақ уәдені үйіп төгеді» деген тұрғындар ауылдық биліктің сөзіне сенуден қалған. Олар шаруа сиырқұйымшақтанып кете ме деп алаңдаулы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!