Кентауда тұрғындар 10 жылдан бері көпқабатты үйлерінің апатты екенін дәлелдей алмай келеді
«Үйіндінің астында қаламыз ба?» - деп қорқады. Түркістан облысындағы Кентау қаласында көпқатты үй құлайын деп тұр. Қабырғасы қақырап, шатыры шатынаған ескі ғимаратта тұрып жатқан 13 отбасы жанын шүберекке түйіп отыр. Салынғанына 60 жылдай болған үйдің жағдайы шенеуніктер жақсы білсе де, тұруға жарамды деп міз бақпайды екен. Ал, барар жер, басар тауы жоқ жандар үйлерінің үйіндіге айналатынына сенімді.
Автор: Бек Әбиев
03.02.2020
Кентаудағы бұл үйден жұрт айналып өтуге тырысады. Себебі, 1961 жылы салынған қос қабатты үй алпыс жылда бірде-бір мәрте күрделі жөндеу көрмепті. Қазір қабырғадағы жарықтан көршілер бір-бірін көретін жағдайға жеткен. Мұнда тұрып жатқан 13 отбасының көпшілігі мүгедектер мен жалғызбасты аналар.
Жанат Тойғанбаева, Кентау қаласының тұрғыны:
- Фундаментінен құлап тұр. Қалай ол жөндеуге жарайды, түсінбедік. Келіп, тексерген адамның көрген жоқпыз. Сыртынан келіп, шешімін қабылдап кетеді. Жөндеуге болады дейді, шындап келгенде, көзімізге біреуі де көрінген жоқ.
Тұрғындар 10 жылдан бері үйдің апатты екенін дәлелдей алмай келеді. Шақырған шенді-шекпенді көрмей жатып-ақ, сырттан «жарамды» деп шешімді шығара береді екен. Қазір тұрғындар мүмкіндігінше бала-шағасын туыстарына жібереді. Ал қала мен облыс басшылығынан әбден көңілі қалған.
Хадиша Әбдиева, Кентау қаласының тұрғыны:
- Тоқаев мырзаға, президентімізге жетсе, ең болмағанда. Облыс әкімінен пайда жоқ. Қала әкмінен де үміт жоқ.
Кентаулық шенеуніктер «мәселені білеміз» дейді. Осыған дейін баспананың жағдайы «қанағаттанарлық» еді деген олар, биыл көзбен көрген соң ба, ол шешіміне сенімді емес сияқты. Әйтеуір тағы бір рет комиссия құрып, тексеру керек деп отыр.
Асхат Әбдірасылов, Кентау қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
- Үй 2017 жылы тексеруден өткен еді. Арнайы шақыртылған сарапшылар ол кезде үйді жарамды деп қортынды шығарған. Үйді биыл тағы бір мәрте тексереміз. Соның қортындысымен шешім шығарамыз.
Ал әбден тозығы жетіп қақырап тұрған үйді апатты деп таныса, иелеріне жаңа баспана берілуі керек. Тұрғындар қала билігінің осы үшін қашып жүргеніне сенімді. Күйреп тұрған бір үйдің тағдырын жиі ауысатын әкімнің біреуі де шешіп бере алмай жатқанына наразы жұрт, енді жапатармағай Елордаға шағым жазып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!