Теміртау қаласын тағы қара күйе басты
Теміртаудағы қара қардан сынамалар алуға Экология минстрлігінің мамандары келе жатыр. Өйткені қаланы қара күйе тағы басты. Биыл үшінші жыл қатарынан қардың үстіне металлургиялық зауыттың түтінімен шығатын қалдықтар түскен. Түтіннен тұншыққанын тұрғындар талай айтса да тыйылмай келе жатқан қастандыққа қапалы. Ал «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының зауыттан шығатын зиянды қалдықтарды азайтамыз дегендері сөз жүзінде қалып келеді дейді теміртаулықтар.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
03.02.2020
Бірнеше күннен бері қала аспанын басқан түтін, шаһардағы ақ қарды қара күйеге айналдырған. Түтіннің кесірінен тұрғындар еркін тыныс алудан қалды. Олардың айтуынша, қаланы басқан қара күйе «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты металлургиялық комбинаттан шыққан түтінмен келіп жатыр.
Елена Лобас, Теміртау қаласының тұрғыны:
- Олар зиянды қалдықтары бар түтінді таң алдында шығарады. Коксохим сияқты цехтерден. Комбинатқа жақын тұрғандықтан, оны бірден сеземіз. Ол уақытта терезе ашу мүмкін емес. Осыларды қадағалайтын бір құзыретті орган бар ма?
Бүгін Теміртау аулаларындағы алаңқайларда асыр салған балалар байқалмайды. Өйткені қара күйеге ұл-қыздарын аунатуға ешкімнің дәті бармайды. Дегенмен мұндай шаң Теміртауға қысы-жазы түседі. Тек «Арселордың» артын жаңа жауған қар ғана ашып жатыр.
Экологтар қара күйеде темір мен күкірттің құрамы шамадан артық екенін былтыр анықтаған. Сөздерінше, металлургиялық комбинаттан ауа қабатына шығатын зиянды қалдықтардың көлемі жиі артып отырады екен. Осы жолы да Теміртаудағы қара қардың құрамы тағы тексерілмек.
Екатерина Оборина эколог:
- Теміртауға арнайы мамандар барып, қардағы күйеден сынама алады. Екі үш күннің ішінде олар зиянды заттардың концентрациясын анықтап, қорытынды шығаруы тиіс. Күйеден анықталған зиянды қалдықтардың кімге тиесілі екенін анықтап, ары қарай шара қолданылады.
Экологиялық нормалар бұзылғаны анықталған күнде де «Арселор Миттал» компаниясы жылда салынатын айыппұлдан қорқып отырған жоқ. Жүздеген миллион теңгесін төлеп, түтінін шығара береді. Мұны экология министрі де мойындап отыр.
Мағзұм Мырзағалиев ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Айыппұл төледі, болды. Жаңа экологиялық кодексте бұл механизмді ауыстырамыз. Енді экологиялық эмиссия айыппұлы күрт артады. Сонда компанияларға зиянды қалдықтарды шығаруды азайтатын технологияға көшу тиімді болады. Алайда ол технологияларға көшу өте қымбат және ұзақ уақыт алады.
«АрселорМитталТеміртау» компаниясы 2023 жылға дейін зиянды қалдық көлемін 30 пайызға азайтатынын айтқан. Ол үшін 2 милллиард доллар көлеміндегі қаражат жұмсауды жоспарлапты. Ал экология министрлігі өндірісте зиянды қалдықтардың шығуын шектейтін жаңа технологияның енгізілуін қадағаламақ. Дегенмен теміртаулықтар таза ауаға дейін талай жыл тұншығатын сыңайлы. Өйткені министр Мырзағалиев дамыған Еурапаның өзі өндірістің улы түтінінен 15 жылда «әрең құтылған» дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!