Алматыда коронавирус қаупімен 17 адам ауруханаға түскен
Алматыда коронавирус жұқтырды деген қауіппен 17 адам ауруханаға түскен. Оның 5-уі үйіне қайтарылып, қалған 12-сі әлі дене қызуымен және жедел респираторлық вирус белгілерімен оқшауланып, тексеріліп жатыр. Ешқайсысынан коронавирус анықталмаған.
Автор: Салтанат Шырынхан
03.02.2020
Алматының халықаралық әуежайында дүниежүзін дүрліктірген вирусқа қатысты қауіпсіздік шараларының күшейтіліп жатқаны мәлім. Бұл нысанға 80-нен аса эпидемиолог тартылып, шетелден келген азаматтар санитарлық тексеруден өткізілуде. Оған қоса, бортта 2-3 метрге дейін қашықтықтағы дене қызуын көрсететін жаңа аппараттар орнатылған. Осылайша бүгінге дейін көрші елдерден оралғандардың 99 пайызы толықтай тексеріліпті. Ресейден арнайы коронавирусты анықтайтын жедел тесттер әкелінген. Ол екі сағат ішінде қауіпті вирустың бар-жоғын анықтап береді.
Айта кетейік, бүгіннен бастап Қытайдан Алматыға келетін барлық рейс тоқтатылды.
Айман Жақанбаева, Алматы қалалық көліктегі санитарлық қызметі басшысының орынбасары:
- Әуежайда біздің санитарлық-карантиндік бөлімшеміз бар. Халықаралық рейстердегі қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, 24 сағат бойы жұмыс істейміз. Тек бортта тексеру ғана емес, сауалнама жүргізіліп, барлық рейспен келгендерге медициналық бақылау толық көлемде жүргізіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!