ШҚО-да төрт метрге жуық қар астында қалған бала өлі күйінде табылды
Шығыс Қазақстан облысында ойнап жүрген балаларды қар басып қалды. Оқыс оқиғадан 14 жастағы жеткіншек көз жұмған.
Автор: Ұлан Нұрахмет
03.02.2020
Қайғылы жағдай Шемонайха қаласында болды. Балалар өзен жағасында ойнап жүрген екен. Сол кезде жарқабаққа жиналған қалың қар кенеттен көшіп, екі баланы басып қалған. Оның біреуін қасында жүрген достары қардан аршып үлгеріпті. Ал екіншісін таба алмай көмек шақырған. Оқиға орнына құтқарушылар мен тұрғындар дереу жеткенімен, бірден таба алмай, иісшіл итке іздетуге мәжбүр болады. Сөйтіп қалыңдығы төрт метрге жуық қар астында қалған бала өлі күйінде табылды.
Талғат Дүзбаев, ШҚО ТЖД бөлім бастығы:
- Баланың денесін қар астынан қазып алдық. Табылған мүрдені полиция қызметкерлеріне тапсырдық. Жағалаудағы қалың қар әлі де көшуі мүмкін. Сондықтан сақ болуды ескертеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!