Шымкентте әжетханадағы құрылғыдан тараған газдан төрт бала уланып қалды
Шымкентте балабақша бөбектері газдан уланды. Оқыс оқиға таңертең «Қаршыға» деп аталатын жекеменшік бөбекжайда болған. Ал газ әжетхана ішіндегі су жылытатын құрылғыдан тарапты. Соның салдарынан 1-2 жас арасындағы төрт бала мен тәрбиеші уланып ауруханаға жеткізілді. Балабақша қазір уақытша жабық.
Автор: Бек Әбиев
04.02.2020
80-ге жуық ата-ананың зәресін алған келеңсіз жағдай «Қаршыға» балабақшасында болған. Таңертеңгілік бөбекжайға келе сала, әуелі бір жастан енді асқан бүлдіршіндер өзін жайсыз сезінсе, артынша балабақшаның қызметкерлері де есеңгірей бастапты. Қайта дер кезінде дәрігерлер мен құтқарушыларға хабар түскен. Әйтпесе 81 бөбекпен орталық қызметкерлерінің жағдайы елестетудің өзі қорқынышты. Қазір апат болған мекеме жабық тұр.
Ауруханаға жедел жәрдеммен төрт бүлдіршін мен 27 жастағы бір тәрбиеші жеткізілді. Бөбектер 1-2 жас аралығында. Дәрігерлер олардың тым әлсіреп қалғанын, тіпті бір балақай есінен танғанын айтады. Ем-домнан кейін үш бала үйіне жіберілді.
Жанар Жұрұмбаева, Жоғары қысымды оксигенация орталығы бас дәрігерінің орынбасары:
- Барлық түскен науқастарға алғашқы көмек көрсетіліп, оксигенотерапия жасалынды. Үш сағаттай бақылауда болды. Екі науқас жатқызылды. Бір баламен, бір тәрбиеші ауруханаға жатқызылды. Болжам: көміртегі тотығының және көміртегі газының компонентінің уытының әсері.
«Кінә – жекеменшік балабақша басшылығының өз бетінше жылыту қазандығын, бірнеше газ плита мен газ жылытқышын қойғанында», - дейді төтеншеліктер мен газ мамандары. Су жылытатын колонканы тым қарабайыр орнатып, техникалық жағдайы мүлдем сақталмапты. Мәселен, газ шығатын мұржасы шатырдан асуы керек болса, ол жәй ғана қабырғадан шығып тұр.
Ақаш Миятбек, «Қазтрансгаз» АҚ өкілі:
- Ол жерде болмау керек еді, сол жерге қойған. Бұл жерде жобамен дәретхана жоқ. Бірақ, ол жерге дәретхана орнатқан. Онда ілезде су жылытқышын қойған. Негізі, дәретханаға ондай қоюға болмайды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бұл бөбекжайды желтоқсан айында тексерген екен. Ол кезде де өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғандығын анықтап ескерту жасапты.
Газ мамандары бөбекжайды бүгін газдан ажыратып тастады. Және бүкіл кемшілікті жоймайынша, «қайта қоспаймыз» деп отыр. Енді мекеменің қашан ашылатыны белгісіз. Қазір балабақшадағы келеңсіз жәйтті тексеріп жатқан төтенше жағдайлар департаменті істі полицияға жөнелтпекші. Енді бүлдіршіндер өміріне тым бей-жай қараған бөбекжай әкімшілігі заң алдында жауап бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!