{metadescription}
Жер үйде екі бүлдіршін неден өлді – Алматы облысы
Жер үйде екі бүлдіршін неден өлді – Алматы облысы

Жер үйде екі бүлдіршін неден өлді – Алматы облысы

Алматы облысында екі бүлдіршіннің өліміне электр пеші себеп болуы мүмкін. Құтқарушылар жер үйде болған өртке қатысты болжамдарын жеткізді. Ал қызыл жалын құрсауында қалып қойған кішкентай ұл мен қызды көршілері терезеден алып шығып, көліктерімен ауруханаға апармақ болған. Бірақ түтінге тұншыққан 4 және 3 жастағы балалар жол үстінде жан тапсырыпты. Өстемір ауылының тұрғындары жедел жәрдем қызметінің шақыртуға әдеттегідей тым кеш жеткеніне қапалы.

Өрт кеше сағат 12-лер шамасында дәл осы үйде тұтаныпты. Тілсіз жау 72 шаршы метрді түгел шарпып, қазір баспананың сау тамтығы қалмаған. От лаулап жанғанда үй ішінде екі бүлдіршін болған. Оларды қызыл жалынның құрсауынан көршілер терезе арқылы алып шыққан.

Сәбилерін сырттан құлттап дүкенге бірер минутқа шыққан анасы үйіне қайтып келгенде тым кеш еді. Көз жасы көл болған ана сәбилерін ойлап, «шыр-пыр болды» дейді ауыл тұрғындары. Сол уақытта бір топ жігіт бүлдіршіндерді оттың ортасынан құтқарып, дереу ауруханаға алып кеткен. Бірақ ыстан уланған 4 және 3 жастағы өрімдей баланың жүрегі жол үстінде тоқтапты.

Зиадин Ағалиев, Өстемір ауылының тұрғыны:

- Балалар шеткі бөлмеде сұлап жатты. Бәлкім терезені ашамыз деп ойлаған ғой. Кім білсін. Жедел жәрдем қызметін күтпей, бірден ауруханаға кеттік. Мен рөлде отырдым. Олардың денесін күйік шалмаған. Түтінге тұншыққан ғой. Жолда екеуі де көз жұмды.

Өстемір ауылының тұрғындары алғашқы медициналық көмек көрсетілгенде балаларды аман алып қалу «мүмкін еді» деп отыр. Бірақ жедел жәрдем көлігі шақыртуға әдеттегідей тым кеш келіпті. Жедел қызметтің сылбыр жұмысына ашуланған халық: «Оларға ақша бермесең, мың сылтауын айтып ауылға аттап баспайды» - деп күйінеді.

Сәуле Нұрбекова, Өстемір ауылының тұрғыны:

- Жедел жәрдем ең соңында келді. Үй өшіп болғанда. Ешкімнің басына салмасын. Немерем ауырған кезде жедел жәрдем шақырсам, «бензин ақшасын бересің бе?», «2 мың теңгеден аз болмасын» деген әңгіме болады. Үш мың берем десең де, көлік жоқ дейді, сөздің ашығы.

Төтенше жағдайға жұмылдырылған өрт сөндірушілер тілсіз жауды бір сағатта әрең ауыздықтаған. Құтқарушылар өрт тоқ пештің сымдарынан тұтанған деген болжам жасады.

Азамат Жұртбаев, Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығу себебі электр тоқ ұзартқышынан болып отыр. Ол тоқ ұзартқышына электр жылу беру тоғы қосылған болатын. 

Айта кетейік, қара жамылған отбасының тұңғышы қайғылы оқиға күні ата-әжесінің үйінде қонып, аман қалған. Ал отағасы жұмыста болыпты. Күлге айналған баспананы жас отбасының әке-шешесі бұрын сатып алған екен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.