{metadescription}
Аймақтардағы тасқын қаупі. Төтенше жағдайда жолға шыққандарға айыппұл салынуы мүмкін 
Аймақтардағы тасқын қаупі. Төтенше жағдайда жолға шыққандарға айыппұл салынуы мүмкін 

Аймақтардағы тасқын қаупі. Төтенше жағдайда жолға шыққандарға айыппұл салынуы мүмкін 

Тасқын таяп келеді! Еліміздің төтенше жағдай қызметі Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында көктемде тасқын қаупі жоғары екен ескертті. Себебі, биыл қар тым көп түскен. Елордада төтенше жағдай режимінің әлі алынбай тұруы да сондықтан. Елдегі тасқын қаупі жайы қандай?  

Нұр-Сұлтан қаласынан төтенше жағдай режимі әлі алынбады. Бұл елорда бойынша тау болып үйіліп жатқан қар көлеміне байланысты. Алдағы күндері де ауа райы көңіл көншітпейді. Синоптиктердің болжамынша, Нұр-Сұлтанда  қар күтіледі, тіпті боранға ұласуы мүмкін.

Төтенше жағдайлар комитетінің дерегінше, көктем басталысымен, Ақмола облысында жағдай күрделенейін деп тұр. Әсіресе Атбасар ауданындағы Жабай өзенінің тағы да тасу қаупі бар. Бұл өзен суы үш ауданды қамтиды. «Көктемді былай қойғанда, облыс қазірдің өзінде қауіпті аймақта тұр», - дейді мамандар.

Владимир Беккер, ҚР ІІМ ТЖК төрағасы:

- Ақмола облысында да төтенше жағдай режимін жариялауымыз мүмкін. Себебі, Қазгидрометтің ақпанның 1-не берген мәліметі бойынша, қар тиісті мөлшерінен 50 пайызға артық түскен. Жалпы тұтас Қазақстанның солтүстік өңірлері бойынша жағдай күрделі.

Төтенше жағдай мамандары Ақмоладан бөлек, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында да көктемгі тасқын қаупі барын айтып отыр. Бұл өңірлерде де қар түсу мөлшері орташа көрсеткіштен әлдеқайда көп.

Қарағанды облысына қаңтар айының өзінде қардың 3 айлық нормасы түсті. Алда әлі талай жауын шашын барын ескерсек, көктемде су тасқыны болуы мүмкіндігін мамандар әзірден-ақ айтып жатыр. Күн күрт жылынса, облыстағы 174 елді мекенді су басу қаупі бар. Әсіресе Қарқаралы, Бұқар жырау және Абай аудандары ерекше назарда. Сондықтан әзірден ақ су қоймаларындағы су біртіндеп ағызылып, еріген қар суын қабылдауға дайындалып жатыр. Тасқын жүру қаупі бар деген ауылдардың айналасы қоршалған. Қала мен ауылдардан бүгінге дейін 900 мың текше метр қар шығарылыпты. Жергілікті биліктегілер су тасқынына төтеп беретін қауқарымыз бен қаражатымыз жеткілікті деп сендіреді. Олар мұндай есепті жыл сайын береді. Дегенмен 2015 жылдан бері Қарағанды облысының ауылдарын тасқын айналып өткен жоқ. Биылғы жайды да көктем көрсетеді.

Ақ қармен жылда арпалысатын Шығыс Қазақстанда да жағдай күрделі. Дер кезінде шара қолданып үлгермесе, мұнда 108 елді мекен қар суының астында қалу қаупі бар.  

Ертіс өзені таситын болса, Семейдің төрт бірдей ықшамауданы су астында қалуы мүмкін. Атап айтқанда, Шығыс, Мирный, Пристань кенттері мен Бейбітшілік аралы. Өйткені ақұлпа жылдағыдадан қарағанда биыл үш есе артық жауған. Ал аталмыш кенттер осыдан екі жыл бұрын шетінен қызылсу астында қалып, жүздеген тұрғын зардап шеккен еді. Әйтсе де биыл жергілікті билік тасқынға тас түйін дайын екенін мәлімдеді. Олардың айтынша, қауіпті ықшамаудандардағы арықтарды тазалау және қар шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ, жұртты көшіруге үш қонақ үй мен мектептер әзірленіп қойған.

Айта кетейік, енді төтенше жағдай режимі кезінде жолға шыққандарға айыппұл салынуы мүмкін. Мамандар оны заңға енгізуді қарастырып жатыр. Ал елордада қар аршу міндетін уақытында орындамағаны үшін әкімдік 10 компаниямен келісімін үзген. Тағы 100-ден астам қызмет көрсету ұйымы мен 260 бизнес өкіліне айыппұл салған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде