{metadescription}
Іс қайта қозғалды! Түркістан облысында зорланған бала шынын айтты
Іс қайта қозғалды! Түркістан облысында зорланған бала шынын айтты

Іс қайта қозғалды! Түркістан облысында зорланған бала шынын айтты

Түркістан облысында осыдан екі жыл бұрын зорландым деген оқушы ақиқатын жалпақ жұртқа енді жариялады. Мектеп дәретханасында ол өзінен жоғары сыныпта оқитын балалар жыныстық сипаттағы күш қолданғанын айтып отыр. Анасы полицияға арыз жазғанмен, артынан жан-жақтан қысым көріп, Алматыға қашып келген көрінеді. Қоғам белсенділерінің араласуымен жабылған іс қайта қозғалды. Зорлықтың құрбаны болған жасөспірімнің жанайқайын тілшіміз тыңдап келді.

Қазығұрт мектебіндегі  қорқынышты оқиғаның болғанына екі жылдың жүзі толды. Оқушы «зорландым» деген дәретхана. Далада тұрған соң, мұндағы «әлемнің» әлегін бәрін біле бермейді. Зәбір көрген жеткіншек ішке тұншыққан ойын екінші рет зорланғанда ғана анасына айтқан.

Жәбірленушінің анасы:

- Мектеп дәретханасында оған сегіз бала қысым көрсеткен. Ұлымның айтуынша, арасындағы біреуі зорлық жасап, қалғаны «аузыңды ашатын болсаң, көресіні көрсетеміз» деп аяусыз ұрып-соққан. Сорақысы сол, бұл жайт араға ай салып қайта қайталанды. Арыз жаздым. Бірақ кейін түрлі қысым болды. Ауыл ақсақалдарына дейін «арызыңды ал» деп араласқан соң, Алматыға кетіп қалдық.

Соңғы бір жарым жылдан бері олар Алматыдан пана тапты. Жантүршігерлік жайтты естіген еліміздің бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин қанатының астына алып, тәуелсіз сараптама жасап, оқушының зорлық құрбаны болғаны дәлелденді.

Аружан Саин, ҚР Бала құқығы жөніндегі уәкілі:

- Біздің заңгерлер баланың анасына Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігіне, Президент әкімшілігіне арыз жазуға көмектесті. Содан соң бұл іс қайта жанданып, ауданнан облыстық полиция департаментіне өтті. Одан бері бір жарым жыл өтті. Бізге осындай зорлық құрбандары, куәлерді қорғайтын арнайы бағдарлама қажет. Қақпаған есігіміз қалмады. Осы оқиға бойынша әділетке еш қол жеткізе алмай келеміз.

Облыстық полиция департаменті бар жағдайдан құлағдар. Істің о баста жабылуын анасы баласының сөзін жоққа шығарып, арызды қайтып алғанымен байланыстырады.

Салтанат Қаракөзова, Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Сол күні кәмелетке толмаған баланың анасы өз қолымен қылмыстық істі тоқтау туралы өтініш жазып, қандай да бір сот сараптамасын өткізуден бас тартатыны туралы арыз жазған. Сот-медициналық сарапшыларының қорытындысына сәйкес жәбірленушінің денесінде қандай да бір дене жарақаты анықталмаған.

Мектеп басшылығы да әлімжеттік жоғын айтып ақталады. Оқушының өзін қорлағандарды «көрсет» дегенде, ешкімді тани алмағанын алға тартады. Тіпті сабаққа бармау үшін «осындай өтірік айтуы мүмкін» дейді директор.

Бұқарбай Әлімбаев, мектеп директоры:

- Тергеу амалдарының барысында мектептің көрсеткен оқушылары, жоғары сынып оқушылары 8-9-10 сынып оқушылары көзсізден өткізіліп, оның ішінде «мына бала» деп ешкімді атап көрсете алмады. Мүмкін ол ата- анасынан қорыққанынан айтқанынан болуы мүмкін, «мені зорлады» деп. Әйтпесе мектепте бір дәліздің бойында, қуыста қалып кететін бала жоқ.

Бірақ директор айтқан пікірге анасының келіскісі жоқ. Сабаққа бармау үшін «зорлады» деп өтірік айту еш қисынға келмейтінін айтады. Осы оқиғадан кейін психикасы бұзылған баласын одан бетер түнекке түсірмеу үшін қоныс аударуға «мәжбүр болдым» дейді.

Сегіз оқушының құрбаны болдым деген жасөспірмінің жүрегіндегі жара әлі жазылмады. Жаңа мектепке барғанмен, өз қапасына қамалғандықтан, томаға-тұйық көрінеді. Алабұртқан ана көңілі бұл істің бармақ басты, көз қыстымен қайта жабылмауын қалайды. Айтуынша,зорлық көрсеткен кейбір оқушының ата-анасы белді қызметте екен. Ал іс қайта қозғағалы арада бір жарым жыл өткенмен, сотқа дейінгі тергеу амалдары әлі жалғасып жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде