Қаланың қақ ортасында жас жігіттің өкпесін тесіп, аяғын тілгілеп кеткен – Ақтөбе
Ақтөбеде 19 жастағы студентті қаланың қақ ортасындағы мемлекеттік университет маңында пышақтап кетті. Тал түсте жас жігіттің өкпесін тесіп, аяғын тілгілеп тастаған. Оның қансырап жатқанын көргендер шұғыл ауруханаға жеткізген. Қазір хәлі ауыр. Ал пышақ сұққан қатарласы әлі ұсталған жоқ.
Автор: Жаңалық Ахаш
06.02.2020
Ақтөбеде 19 жастағы студентті мемлекеттік университетке қарсы жолдың бойында пышақтап кеткен. Оның қансырап жатқанын көргендер дереу тәртіп сақшыларын шақыртыпты. Жедел жәрдемді күтпестен ауруханаға да өз күшімен жеткізген. Ал жоғары оқу орнының басшылары жастар арасындағы жанжалды «байқамадық» деп отыр.
Жарақат алған студент Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің екінші курсында оқиды. Сабақтан шыққан бойда қатарластарымен жатақхананың артында жаппай төбелеседі. Одан соң университетке қарай қашып шыққанда студенттердің бірі пышақ сұғып алған. Қылмыстық оқиға дәл оқу орнының алдында болса да, оқытушылар оны кештетіп, «дәрігерлерден естідік» дейді. Енді университет маңындағы бақылау камераларын қарап, таспаларын тәртіп сақшыларына тапсырып жатыр.
Қарлығаш Сатыбалдина, Қ. Жұбанов атындағы АӨМУ департамент директоры:
- Бізде 320 деген камера бар екен. Тоғыз қабатты үй қасында. Сонымен іздеп жатыр. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп, сол адамды табуға барлық мүмкіндікті жасап жатырмыз.
Өкпесі тесіліп, аяғы тілінген студент бір литрдей қан жоғалтқан. Дәрігерлер жүрек тұсына пышақ ұшы сәл жетпей қалған деп отыр. Отадан соң есін жиып, беті қарапты.
Сәкен Қапанов, Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері:
- Сол жақ кеуде қуысының кесіліп, тесілген жарақат. Өкпесінің жарақаты анықталды. Операция жасалып, өкпесінің жарақаты тігіліп, сол жақ аяғының жарақаты да тігілді.
Қазір студенттер арасындағы жаппай төбелеске қатыстандардың біразы анықталды. Оларды тәртіп сақшылары ұстапты. Ал пышақ сұққан жігіт қашып жүр.
Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Жедел іс-шаралар жүргізу барысында полицейлер төбелеске қатысушыларды анықтап, ұстады. Сондай-ақ пышақ жарақатын салған адамның жеке басы анықталды. Оны ұстау бойынша шаралар қабылдануда.
Қазір Ақтөбе облысында оқушылар мен студенттер арасында пышақ ала жүгіретіндер көбейіп тұр. Өткен аптада ғана Шалқарда оқушылар жаппай төбелесіп, бір оқушыны пышақтап кеткен еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!