{metadescription}
Шетел компаниясы жұмысшыларға жалақы бермей зар жылатты – Батыс Еуропа-Батыс Қытай
Шетел компаниясы жұмысшыларға жалақы бермей зар жылатты – Батыс Еуропа-Батыс Қытай

Шетел компаниясы жұмысшыларға жалақы бермей зар жылатты – Батыс Еуропа-Батыс Қытай

Алматы облысында Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолын салып жатқан жұмысшылар бас көтерді. Үш айдан бері жалақы алмаған 100-ден астам азамат жұмысты тоқтатып, жанайқайын жеткізді. Күнкөріс қиындады деп шулағандар әзірбайжандық компанияның «күнде ертең деген ертегісінен шаршадық» дейді. Ал автожолға жауапты комитет мердігер компанияға тиісті қаражатты аудардық деп жайбарақат отыр.

Таңның атысы кештің батысы жол салып жатқан 100-ден астам жұмысшы үш айдан бері жалақы көрмеген. Адал еңбек ақысын сұрауға апталдай азаматтар бүгін тағы жиналды. Олар: «Қаржыдан қысылып, қадіріміз қалмады» деп қынжылады.

Есен Әбдікәрімов, жүргізуші:

- Артымда тұрғандардың әрқайсысында несие бар. Ауылда тұрамыз. Жағдай бізге де оңай емес. Бұлардың «береміз» деп келе жатқанына үш айдың жүзі болды. «Әне береміз, міне береміз» деп алдап келе жатыр. Ешқандай айлық жоқ.

Азаматтар жолды тегістеп, ағаштарды кесіп, жерді асфальт төсеуге дайындаған. Одан қалса, жұмысшыларға арналған жатақхана, асхана мен кеңсе де салыпты. Енді жұмыс қызған шақта мердігер компания қарызды қайтаруға құлықсыз екен. Наразы топ олардың «күнде ертең деген ертегісіне тойып біттік» дейді.

Сырым Бекберген, жұмысшы:

- Бұл жерде бастық жоқ. Біз бастық болып қалдық, шыны керек. Жол жүре ме, жүргізсін. Істей ме, істеткізсін. Басқа фирма келсін. Бізге мынандай жағдай керек емес. Әркімнің бала-шағасы бар.   

Жалақы бермей жұмысшыларды зар жылатқан шетелдік компания Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолының 42 шақырымын салуды өз мойнына алыпты. Алайда қазір құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. «Шыдамның да шегі бар» деген жұмысшылар маңдай тер ақымызды алмайынша, жұмысты бастамаймыз деп отыр.

Нақтырақ айтсақ, әзірбайжандық «Азериншаат» компаниясы Тарғап ауылы мен Жамбыл облысы басталатын аймаққа дейін төрт жолақты тас жол салуы тиіс. Жоспар бойынша жол 2022 жылы пайдалануға берілу керек.

Азамат Әбсатаров, жұмысшы:

Шыны керек, мыналардың техникаларына да таң қаламын. Техникасын бір жеті жүргізсең, үш күн сынып тұрады. Техникаға қарау деген жоқ. Біз өзіміз сұраймыз. «Мынаны майлайық» деп. Бірақ май бермейді. Алматыға да бардық. «Білгендеріңді істеп алыңдар» деп кері қайтарды.

Ал жолға тапсырыс берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі шетел компаниясына «берешегіміз жоқ» деп отыр. Тіпті жауапты комитет осы уақытқа дейін бас мердігерге 2 млрд теңгеге жуық қаражат аударылғанын жеткізді.

Қуаныш Ескендіров, «Қазавтожол» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Бас мердігер жұмысты атқаруға «Азертикинти» мердігер компаниясымен келісім-шартқа отырады. Оларда қаржылық қиындықтар болыпты. Жаңа ғана ақпарат келіп түсті. Бас мердігер қосалқы мердігерге ақша аударыпты. Сондықтан жұмысшылар аптаның соңына дейін айлығын алуы тиіс. 

Алайда жалақысын даулаған жұмысшылар құрғақ уәдеге сенуден қалған. «Шыдамның да шегі бар» деген олар прокуратура мен еңбек инспекциясына арыз жазамыз деп тарқасты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.