Қоларбаға таңылған алматылық парабишілер көмек сұрайды
Алматылық парабишілер қолдауға зәру. Қоларбаға таңылған жандар халықаралық жарыстарға қатысуды армандайды. Айтуларынша, Алматыда бұл би түрінен арнайы секция жоқ. Сәйкесінше, дайындыққа да қаржы қарастырылмайды. Тек демеушілерге арқа сүйеген жандар шаһар басшысынан көмек сұрап отыр.
Автор: Әсем Қабылбек
07.02.2020
Қоларбаға таңылған бишілердің басты арманы халықаралық жарыстарда топ жару. Соңғы жылдары ел ішіндегі чемпионаттарға тұрақты қатысып жүр. Алайда көбіне қаржы қолбайлау. Түрлі қиындыққа қарамастан жаттығуды үзбеуге тырысады. «Қоларба өнеріме кедергі емес» дейтіндердің бірі – Михаил. Ол көктемде өтетін Қазақстан чемпионатына қатысып, үлкен додаға жолдама алуды көздейді.
Михаил Бычковский, парабиші:
- Биыл көмек сұрап қалалық спорт басқармасына хат жаздық, әлі күнге жауап жоқ. Бишілеріміз ел чемпионатына шақырту алды. Не істерімізді білмейміз. Екі жыл қатарынан Қазақстан чемпионы атандым, бірақ Азиядағы жарысқа бара алмадым.
Бақтыгүл Әлімбекова, парабиші:
- Қазір бізге арба керек. Дайындыққа келген кезде бір адам күтіп тұрады. Арба жетпейді. Арба 1 млн 200 мың теңге тұрады. Бір адамға жарысқа шығуға 500 мың керек. Сәуір айына Қазақстан чемпионатына дайындалып жатырмыз. Соған баруға бізге қаражат керек.
Спортшылар жаттығатын тегін залды өздері іздеп тапқан. Бапкер міндетін ерікті бишілер атқарып жүр. Әзірге парабишілер республикалық федерация атынан ғана жарысқа қатыса алады. Ал Алматыда парабишілерге арналған арнайы секция жоқ. Оны ашуға қалалық дене шынықтыру мен спорт басқармасы ниетті.
Найзабек Сағымбаев, Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Алматы» спорт клубының басшысы:
- Жыл аяғында өтініштері бізге келіп түсті. Қазір қосымша бюджеттен ақша, қаражат қаралып, ол шешілген жағдайда қазір ашуға дайынбыз. Жалпы спорт мамандарын және спортшыларды біздің клубқа мүше болған жағдайда, бұларға клубтың, Алматы қаласының атынан бюджеттен жарысқа қатысуына, спорт киім-кешек алуға, құрал-жадбық алуға ақша бөлініп, сонда жарысқа қатыса алады.
Жауапты басқарма өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандарға үнемделген қаражат есебінен көмектеспек. Ал, оның нақты қашан жүзеге асатыны белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!