Коронавирус саяхатшылар кемесін абақтыға айналдырды
Жапония жағалауында тұрған круиздік лайнерде коронавирус жұқтырғандардың саны 61-ге жетті. Оның 20-сы - жапондар. Әлемнің түкпір-түкіпірінен саяхатқа шыққан жолаушылар қауіпті кесел тез таралып, алып кеме бір-ақ сәтте абақтыға айналып кетті деп отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
07.02.2020
Дэвид Эйбл, жолаушы:
- Кеме ішіндегі бөлмелер өте тар және терезесі жоқ. Адамдар таза ауа жұта алмай отыр. Ешкімді сыртқа шығармайды. Тіпті дәлізде арлы-берлі жүруге болмайды. Тазалыққа өзіміз жауаптымыз. Орамалымызды да ешкім ауыстырып бермейді. Саяхат кемесінде емес, құдды бір қапастағыдай күй кешіп отырмыз.
74 жастағы британдық жолаушы қауіпті кеменің тыныс-тіршілігін видеоға түсіріп, соңғы жаңалықпен бөлісуде. Үш күнде танымал болған турист кеме ішіндегі адамдарды бөлмеден шығармай тексеріп жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, 3-ші қаңтарда круиздік лайнерден түскен жігіттен қауіпті кесел анықталған. Содан кейін бортында төрт мыңға жуық жолаушы мен қызметкері бар алып кеме мәжбүрлі түрде тоқтатылған. Diamond Princess лайнерімен саяхаттауға 50 мемлекеттің туристері шыққан екен. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, жалпы қауіпті індеттен көз жұмғандар күн санап артып келеді. Қытайда соңғы бір тәулікте 73 адам қайтыс болып, коронавирус құрбандарының жалпы саны 638-ге жетті. Ал вирус жұқтырғандар 28 мыңнан асқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!