Әлімжеттік көрсеткен ҚазҰУ-нің 10 студенті оқудан шығарылды
Жатақханада шыққан шатақ! Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 10 студентін оқудан шығару әрекеті дау-дамайға ұласты. Филология факультетінің екінші курсында оқитын жігіттер бірінші курстың студенттеріне әлімжеттік көрсеткені үшін осындай шешім қабылданған көрінеді. Бірақ «жазығымыз жоқ» деп шулаған сол студенттерге курстастары мен ата-аналары қосылды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
10.02.2020
Университет алдына жиналғандардың уәжін КТК тілшісі тыңдап қайтты.
Орта жолда оқудан шығарылған 10 жігітті группаластары осылай қолдап шықты. Даудың басы өткен апта жатақханада басталған. Түн жарымында олар бірінші курстың студенттерін бөлмеге шақырып, ұрып-соғыпты-мыс. Бірақ, бұл айыпты мойындағылары жоқ.
Ертай Біләлов:
- Бүйректен сирақ шығарып отыр мына жерде. Барлығымызда әр ұйымда белсендіміз. Стипендия алып отырымыз, грантта оқимыз. Жала жауып отыр. Біз не үшін оқыдық, екі жыл бойы белсенді болдық, не керек осының барлығы?
Жайсыз хабарды естіген ата-аналар жан-жақтан жедел жеткен. Балаларын оқудан шығару туралы шешімді бірауыз ескертуге жарамаған факультет деканына ренжулі. «Өзімізге дүрсе қоя берді», - дейді.
Филология факультетінің деканы Өмірхан Әбдіманұлының айтуынша, зәбір көріп, көкала қойдай сабалған студенттердің ректор атына жазған шағымы бар. Сондықтан 10 студентті ақтаудың «қажеті жоқ» деген пікірде.
Өмірхан Әбдіманұлы, ҚазҰУ Филология және әлем тілдері факультетінің деканы:
- Төбелестің болғаны туралы біз бірнеше күн балалардан сұрадық. Ана жақта да сұрап жатыр. Ақырында мойындалды. Біз этикалық кеңес өткіздік. Сонда барлық этикалық кеңестің мүшелерімен келісіп, осындай тәртіпсіздік бұзылған, осындай жағдай болған дегеннен кейін мен ұсыныс жасадым.
Жағдай осылай ушыққан соң, бәрі бірдей оқудан шықпау үшін, тіптен араларындағы бір студент бар кінәні мойнына алған.
Альбина Жұмабай, студент:
- Бір бала кеше түсініктеме жазып береді. Бұлардың үстінде шағым жоқ, арыз жазылмаған. Ешкімнен ешқандай факті, дәлел жоқ. Далаға лақтырып тастаған сияқты болды. Бұлардың тағдыры не болады? Қазір шықты да, жылап отыр. Ертең біреу бір нәрсе істесе, кім жауап береді, суицидке барса?
Курстастарына араша түсу үшін «кешірім берсін» деп мыңға жуық студенттің қолын жинаған. Ал дәл сол түні нөмірі 17 жатақхананың 304 бөлмесінде болған бірінші курс студенттері «тағар кінәміз жоқ, қас емес, қайта олармен доспыз» деп ақтап отыр. Десе де, үсті-басы көгерген ізден көрінбейді. Мұны өздерінше түсіндіруге де тырысты.
- Мұз айдынға бардық, содан тайдық. Аяғымызды ауыртып алдық қой сол жерде. Тексерілген кезде сол жерде, бізге ұрған деп есептеп шағым айтты да үстімізден.
Мұзға құлады ма, әлде таяқ жеді ме, шындық олардың тек өзіне аян. Бірақ орта жолдан тайған 10 жігіттің факультетте қалмайтыны анық.
Екі тараптың да «еш нәрсе болмады» деп ойы бір арнада тоғысқанмен, университет басшылығы қабылданған шешімнің күшін жоймайтын болды. 10 студент оқудан шығарылды. Ал олардың гранты ақылы бөлімде оқитын өзгелерге бұйырмақ. Оларға бұл білім ордасының есігі қайта ашылмайды. Қолдан бар келетіні – өзге университетте ақылы бөлімде оқуын қайта жалғастыру.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!