Қордай: Қаракемерліктердің жергілікті билікке өкпесі қара қазандай
Қордайдағы қатығыстан кейін бес ауыл әлі қатаң күзетте. Жанжал қайта жанданбауы үшін арнайы жасақ елді мекендерді күндіз-түні бақылауға көшкен. Қазір дүрбелеңнен есін енді жиған ауыл жұрты бүлінген дүние-мүлкін санап, құтқарушылар аумақты тазартуға кіріскен. Үш күннен бері өңірде жүрген үкіметтік комиссияның жетекшісі Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарымен кездесіп, ахуалды ушықтырмай, тыныштық сақтауға шақырды. Жаппай тәртіпсіздіктен кейінгі ауылдардың жағдайын тілшіміз көріп қайтты.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
10.02.2020
Дүйім жұртты дүр сілкіндірген оқиғадан кейін билік өкілдері Қордай ауданында төтенше жағдай жариялаған. Қазір елді мекенге кіріп-шыққан көліктерді полиция қызметкерлері жіті тексеріп жатыр. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары көше аралап, жанжалдың қайталанбауын қадағалауда.
Масаншы, Қаракемер, Бұлар батыр, Ауқатты мен Сортөбе. Бес ауылда күштік құрылымдардың қарасы қалың. Ұлттық ұлан сарбаздары мен арнайы жасақ ауыл ішін күндіз-түні күзетіп, қауіпсіздікті бақылауға алған.
Ал көше тазалаушылар мен құтқарушылар жан-жаққа шашылған әйнек, тас пен қирандыларды жинап әлек. Жанжалдан қатты жапа шеккен Масаншы ауылы. Елді мекенде 16 мыңға жуық халық тұрады. Олардың дені – дүнгендер.
Дүрбелеңнен дүние-мүлкі бүлінгендердің бірі - Сүлейман. Қорқынышты күнді еске алған ол бір топ жігіт сау етіп келгенімен, «бала-шағаны алып шығуға мүмкіндік берді» дейді.
Сүлейман Арва, Масаншы ауылының тұрғыны:
- Көліктер үйімнің жанына тоқтады. Сосын балаларды алып шыққанымды күтті. Мен бірден Ауқаттыдағы шекараға кеттім. Қайтып келсем, үйім мен дүкенім өртеніп кеткен.
Масаншы ауылының орталық көшесі. Жұрттың айтуынша, жаппай тәртіпсіздік дәл осы жерде басталған. Жайшылықта тіршілігі қыз-қыз қайнап жататын аумақтың қазіргі күйі өте аянышты. Отқа оранған сауда үйлері мен дәмханалардың сау-тамтығы қалмай астан-кестеңі шыққан. Қазір арнайы құрылған комиссия күлге айналған ғимараттардың шығынын есептеп жатыр.
Көше бойында қаңтарылып тұрған көліктердің де күл-тақаны шыққан. Қабырғасы қақырап, терезесі сынып, шаңырағы ортасына түскен баспаналар Бұлар батыр, Ауқатты ауылдарының да ажарын қашырып тұр. Ауыр техника көзге сұрықсыз көрінетін ғимараттарды жаппай сүріп, құр қаңқасы ғана қалған темір тұлпарларды қоқысқа лақтыруда. Айта кетейік, қақтығыс салдарынан 25 жер үй, 31 коммерциялық нысан мен 41 көлік зақымданған.
Бердібек Сапарбаев:
- Сен ауылдың әкіміне айт, елді шығарып, мына жерді тез-тез тазалап бітірсін. Сауда нүктесін ашып беріңдер.
Адам шошырлық күйге түскен өңірді үш күннен бері аралап жүрген үкіметтік комиссия мүшелері төрт ауылдың тұрғындарымен кездесіп, ең соңында Қаракемерге ат басын бұрды. Кездесуде ауыл ақсақалдары вице-премьерге ұзақ жылдан бері жиналған жанайқайын бүкпесіз жеткізді. Қаракемерліктердің жергілікті билікке өкпесі қара қазандай екенін сөзінен анық байқауға болады. Ашынған қарашаның өкпе-назын үнсіз тыңдаған Сапарбаев қикілжіңде қаза тапқан азаматтардың отбасына тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ, ол ауыл арасындағы тыныштықты сақтауға барынша күш салатынын жеткізді.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Ертең мектеп, балабақшалар жұмысын жалғастыру керек. Бұрын осы елді мекендерде қандай тыныштық, қауіпсіздік болса, сол жалғасын табады. Біздің басты міндетіміз сол. Қайтыс болған азаматтардың отбасына көмектесеміз.
Бүгін Үкіметтік комиссия мүшелері жанжалда жан тапсырған Дархан Әбдірахымның үйіне барып, жақындарына көңіл айтты. Айта кетейік, 25 жастағы атпалдай азаматтың артында аңырап жары мен үш баласы қалды.
Жаппай төбелес кезінде көрші Қырғызстанға қашқан тұрғындар үйіне қайтып оралған. Қазір Ауқатты ауылының маңындағы қазақ-қырғыз шекарасы тым-тырыс. Тек арлы-берлі өтіп жатқан бірен-саран адамды ғана байқауға болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!