{metadescription}
Қордай мәселесі: Қызметтен кеткендер. Қаржылай көмек. Көңіл айту
Қордай мәселесі: Қызметтен кеткендер. Қаржылай көмек. Көңіл айту

Қордай мәселесі: Қызметтен кеткендер. Қаржылай көмек. Көңіл айту

Қордайдағы қақтығыстан соң, аталмыш өңірдегі төрт лауазымды тұлға қызметімен қош айтысатын болды. Президент тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары, Қордай ауданының әкімі, облыстық және аудандық полиция департаменттерінің басшылары қызметтен кетуі тиіс. Ал қарулы қақтығыстан кейін қаңырап қалған ауылды қайтадан қалпына келтіруге Үкімет резервінен қаражат бөлінбек. Астаналық тілшіміз осы өзгерістерді толығырақ айтып беру үшін бізбен тікелей байланысқа шығып тұр.

Қайғылы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев шешімін көп күттірген жоқ. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа осы олқылыққа жол берген жауапты тұлғаларды шетінен орнынан алуды тапсырды.

Арман Оразалиев 2018 жылдың шілдесінен бастап Жамбыл облыстық полиция департаментін басқарып келген. 44 жастағы Шымкент қаласының тумасы, полиция полковнигі бұған дейін де сапасыз қызметімен көзге түсіп үлгерген.

Былтыр қараша айында Тараз қаласында 7-сыныптың оқушы қызы мектеп әжетханасында зорланғанда Ішкі істер министрінен ескерту алып шектелген еді. Дегенмен облыстық полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылсын деген министрдің бұйрығы әлі шыққан жоқ. Онымен бірге, Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбеков те орнын босатуы тиіс.

Қатаң шешімге тап болғандардың бірі – облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова. Ол облыстың білім, ішкі саясат, жастар саясаты мәселелері, тілдерді дамыту, дін істері салаларына жетекшілік етіп келген. Онымен бірге Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле де енді орнын босатады.

- Қанша қаражат бөлінеді, нақтыланды ма?

- Жоқ, көлемі әлі айтылған жоқ. Себебі, жұмыс істеп жатқан үкіметтік комиссияның қорытындысын күту керек. Шығын көлемін солар айтады. Сосын оған Үкіметтік резерв пен жергілікті бюджет екіжақтап қаражат бөлмек.

Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:

- Үкіметтің арнайы резерві бар, төтенше жағдайға байланысты. Сол резервтен бөлінетін болады және жергілікті бюджеттен де қаржының бір бөлігі бөлінеді. Бірақ қанша және қандай бағыттар бойынша жұмсалатынын айта алмаймын. Ол үшін Үкімет комиссиясы өз жұмысын бітіру керек.

Бұл іске Қазақстан халқы ассамблеясы да кірісіп кеткен. Ұйым өкілдерінің айтуынша, ассамблея күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Тек азық-түлік, басқа да керек-жарақпен көмек көрсетейін десе, логистиканың нашарлығынан оны жеткізу қиынға соғып тұр.

Сондықтан қаржылай көмек көрсететін боп шешкен. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары да өздерінің біркүндік жалақысын Қордайды қалпына келтіруге аударды.  

Бүгін Қырғызстан президенті Сооронбай Жиенбеков Қасым-Жомарт Тоқаевқа телефон арқылы хабарласып, осы оқиғада қаза болған марқұмдардың туыстарына Қырғызстан халқы атынан көңіл айтып, қолдау білдіретінін жеткізді.

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов те қызметінен босады. Ол өз еркімен арыз жазған. Ал Президент жарлығымен оның орнына Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Осы уақытқа дейін вице-премьер қызметін атқарған Сапарбаев Жамбыл облысына қақтығыс себебін анықтау үшін құрылған Үкіметтік комиссияны бастап барған болатын. Ал екі жылдан астам уақыт аймақты басқарған Асқар Мырзахметовке қандай қызметке баратыны әзірге бегісіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

30 қараша

29 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде