Ақтөбе волейболшылары жалақысыз екі оттың ортасында қалды
Ақтөбенің волейболдан Жоғары лигадағы ойыншылары екі айдан бері жалақысыз жүр. Тендерден ұтылып қалған облыстық федерация олардың лицензиясын бермей қойған. Соның кесірінен волейболшылар екі оттың ортасында қалыпты. Клубтың жаңа қожайындары лицензиясыз айлық төлей алмай отыр. Онымен қоса ел чемпионатына да қатысуына болмайды.
Автор: Жаңалық Ахаш
11.02.2020
Былтыр ғана ел чемпионатында күміс жүлде алған ақтөбелік волейболшылардың ұнжырғасы түсіп кеткен. Екі айдан бері жалақы да жоқ. Онымен қоса алдағы жарыстарға команданың қатысу-қатыспауы да белгісіз. Өйткені спорт басқармасының тендерінен ұтылып қалған облыстық волейбол федерациясы ойыншылардың лицензиясын бермей қойған.
Анарбек Таңбай, «Ақтөбе» волейбол командасының ойыншысы:
- Жақында тендер ойнатылған. Ол кісі тендерден ұтылып қалды. Енді біздің қатысымыз жоқ. Біз ойыншымыз. Кім ұтты, кім ұтылды – қатысымыз жоқ. Біреу ұтты ма, ауысуымыз керек. Енді ол қағазды алмасақ, ары қарай жұмыс істей алмаймыз. Жұмыс жасайық десек те, басқа клубтарға ала алмайды. Лицензиямызды бермей жатыр.
Тендерді биыл «ПОШ» спорттық сауықтыру кешені ұтқан. Олар 63 милион теңгеге ойыншылардың жыл бойы жағдайын жасауы керек. Қазір волейболшылар клубтың жаңа иелерінде жаттығып жатқанымен, лицензияның жоқтығынан жалақы ала алмайды.
Данияр Серіков, «Ақтөбе» волейбол командасының ойыншысы:
- Лицензия болмаған соң, ақша төлей алмайды. Қанша ай болды, ақша төлей алмай отыр. Қаншама адамның несиесі бар, бала-шағасын да асырап отырған адамдар бар. Ақша жетпей, бір-бірімізден сұрап жүрміз.
Маусым сайын лицензия әр ойыншыға жеке беріледі екен. Енді оны облыстық волейбол федерациясы «сотсыз бермейміз» деп отыр.
Мұратқали Тәжіғұлов, Ақтөбе облыстық волейбол федерациясының төрағасы:
- Бұл кісілерге айтамын, прокуратураға арыз жазыңдар, сотқа беріңдер, сол кезде бәрін заң бойынша жазады да, қолдарыңызға береді.
Облыстық спорт басқармасы да бұл мәселеден хабардар. Оның ушығуына тендерге таластың себеп екенін айтады. Олар қос тарапты мәмілеге келтіруге жан-жаққа сұрау салыпты.
Евгений Гончаров, Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Біз республикалық волейбол федерациясымен сөйлесіп жатырмыз. Ақтөбе командасының чемпионаттан тыс қалғанын қаламаймыз. Дауды шешу үшін бар мүмкіндікті қарастырамыз.
Облыстық волейбон федерациясының басшысы тендерге қатысты сотқа арызданып жатыр. Бірақ қандай шешім шықса да, команда жаттықтырушысынан бастап, барлық ойыншы бұрынғы директорларының қарамағына барғысы жоқ. Ал бірер аптада ел чемпионатының алғашқы ойыны өтеді. Енді оған Ақтөбенің қатысу- қатыспауы белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!