Қордайдағы ахуал: Ақсақалдар кеңесі қандай тоқтамға келді
Қордай ауданындағы төрт ауылдың ақсақалдары бастап, жастары қостап, бүгін Сортөбедегі мешітте жиналды. Күн төртібінде Қаракемер, Ауқатты, Масаншы, Сортөбе ауылдарының атынан адам сайлап, қоғамдық кеңес құру жайы.
Автор: Асқарбек Қазанғап
11.02.2020
Бітімді басты бағдар етуді көздеген басқосудағы соңғы жаңалық. Қордайдағы ахуал қалай? Ақсақалдар кеңесі қандай тоқтамға келді?
Дәл қазір Масаншы ауылындамыз. Мұндағы дүрмектен кейін көшкендер біртіндеп үйіне қайтуда. Ресми мәлімет бойынша, бүгінге дейін қырғыз шекарасын асқан 8 мың адам кері қайтыпты.
Сортөбе ауылындағы мешітке Масаншы, Қаракемер, Ауқатты ауылының ақсақалдары жиналды. «Бас жарылса бөрік ішінде» дегендер мұндай сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың» маңыздылығына баса тоқталды.
Жағдайдың осылайша ушығуына ақсақалдар өзін кінәлайды. Ауылдағы жастарды тезге түсіруде жалпы ақсақтық танытқанын мойындайды. Сол себепті төрт ауылдың адамдарынан қоғамдық кеңес құруды бәрі бірдей құптады. Бұл кеңес осындай бассыздықтардың алдын алуға барын салмақ.
Тұрған Жасыбаев, Қаракемер ауылының тұрғыны:
- Төрт ауылдың ақсақалдары, имамдар, сауатты азаматтар қоғамдық кеңес құруды талқылап жатырмыз. Әр ауылдан 10-15 адамнан қоғамдық кеңес құрылып, әрі қарай тыныштық орнатуға ат салысып жатырмыз. Енді болар іс болды. Тәрбиелеу керек, жастарға тәрбие айтуымыз керек.
Шисар Ширазов, Сортөбе ауылының тұрғыны:
- Қоғамдық кеңес құрудың маңызы зор. Мәселен, әр ауылдың сөз өтер азаматтары мен ақсақалдары бар. Солар дау туған жағдайда ушықтырмай, бұзықтарын тәртіпке шақырып, мәселені шеше алуы қажет. Елдің тілегі – мұндай жағдайдың енді қайталанбауы. Тыныштық біздің баға жетпес қазынамыз.
Жиын ортасынан облыстың атқамінерлері де бой көрсетті. Қазір бүлінген ауылдарды тазалау жұмысы жүріп жатыр. Көлденең келген көк аттыға бұл жақ құдды шытырман оқиғалы фильмнің түсірілімі өткен жерді елестетіндей. ртенгенген көліктер, күлі көкке ұшқан ғимараттар. Арнайы құрылған комиссия келген шығынды әлі есептелуде.
Бейқұт Жаманкөзов, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:
- Ауданда бүгінгі таңда ахуал тұрақты. Орын алған күннен кейін республикалық, облыстық, аудандық, деңгейде комиссиялар жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір осы барлық білім ошақтары, коммерциялық ошақтар тұрақты жұмыс істеуде. Ақырындап үйде тазалық жұмыстарын істеп жатыр.
Масаншы ауылындағы жағдай қазір қалыпты. Дегенмен әскерилер мұнда кірпік қақпай қызмет етуде. Ауылдардың кіре-берісінде әр темір тұлпар жіті тексеріліп жатыр. Иін тірескен өрт сөндіру көліктері сақтық үшін тұр. Мектептердің есігі ашық, мұғалімдері толық жұмыста болғанмен, бар бала бірдей келмеген. Сондықтан, әзірге бір ауысыммен ғана оқуда.
Төлеген Ембердиев, Масаншы ауылындағы орта мектеп директоры:
- Бүгінгі күнде 50 пайызы мектепке келді. Сырттағы Қырғызстанға өтіп кеткен, Алматыға кеткен оқушылармен өзіміз тікелей хабарластық. Ертең 100 пайызға дейін орындауға ата-аналар уәде беріп жатыр.
Жалпы, бұл төрт ауыл тұрғындарының дабыралап, көңілдері күпті болуға енді еш себеп жоқ. Үй-жайы өртенгендер уақытша басқа баспанаға жайғастырылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!