Ақмола облысындағы Новоселовта қалың қар тіршілікті тұсап тастады
Тұтастай бір ауылдың қарын күреуге – 300 мың теңге. Оның өзі игерілмеген. Жергілікті биліктің осындай жауапсыздығынан Ақмола облысындағы Новоселов ауылында қалың қар тіршілікті тұсап тастады. Шаруаны мандытпаған шенеуніктердің уәжі қандай?
Автор: Нұрқанат Омарұлы
14.02.2020
Қар басқан ауылдың қарбаласы көп. Мұндағы қариялардың зейнетақысы тұтастай үйлерінің маңайын қардан аршу жұмысына жұмсалады. Ал қардың биіктігі үйдің төбесімен бірдей. Қақпасы бар дегенге сену қиын. Ал тұрғындар көшеге баспалдақпен шығуға мәжбүр. Ауыл емес, арал десе дегендей-ақ. Жота болып үйіліп жатқан көшелердегі қармен ешкімнің шаруасы жоқ.
Данияр Оразхан, Новоселов ауылының тұрғыны:
- Қора, үй, гараждардың төбесі қардан опырылып түскен. Лақтыратын жер де жоқ. Ана жерге бұрын әкімдік жазыққа қар тірегіш ұстайтын. Халық үйінен шыға алмай жатыр, оқушылар мектепке бара алмай қиналып жүр.
Ауыл азаматтары әкімдерінен мүлдем күдер үзген. Қайта-қайта шағымданып көмек сұрағаннан қайран жоқ. Көршілер бірін-бірі демесіп жүрсе, қар күреуге қауқарсыз қариялар арнайы адам жалдайды.
Бәтима Шингишова, Новоселов ауылының тұрғыны:
- Мынандай боран болмайтын. Биыл осындай болды. Қар баса береді. Балаларға төлеймін. Әкім айтты: «қазір ақша жоқ, ақша бөлсе, көмектесеміз» деді.
Мәселенің мұншалықты күрделеніп кетуіне не себеп екенін білуге ауыл әкімдігіне келдік. Күтімі кеткен аядай ғимараттың ішінде тіршілік қызып тұр. Тек әкім орнында жоқ. Біздің келетінімізден хабардар ол үш күнге еңбек демалысына шығып кеткен екен. Орнына аудан басшылығына ақталуға тура келді.
Берген Жұмкеев, Шортанды ауданы әкімі аппаратының басшысы:
- Қыстың күнгі қар тазалауға жыл басынан 300 мың теңге бөлінген. Келісім-шарт сол жердегі «Новоселовка» ЖШС-мен жасалынған. Келісім-шарттың үстінде тағы меморандум қыс мезгілінде ауылдың ішкі қарларын және жолды тазалауға.
Бірақ екі адамның жалақысындай ақшамен бүтін ауылдың қарын қалай тазалайтынын түсіне алмадық. Қалың қар түскелі ауыл жолдары мүлдем аршылмағанын тұрғындар былай да айтып отыр. Осыны енді ғана түсінді ме, аудан қар басқан ауылдағы мердігер серіктестікке тағы 500 мың теңге бөлетін болыпты. Ал уақытқа қарасақ, екі аптадан кейін көктем басталады. Ақ ұлпаны тазартам дегенше, қар еріп кетпесе болғаны.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!