Семейде көлік жүргізуді оқығандар құжатын ала алмай сенделіп жүр
Семейде көлік жүргізуді оқыған жұрт құжатын дер кезінде ала алмай әлекке түсті. Олардың айтуынша, бұған себеп «В» санатына сынақ тапсыратын механикалық автокөліктегі арнайы құрылғы бұзылып қалған. Енді соның салдарынан жұрт үш айдан бері сенделіп жүр. Қазір бір ғана автомектептің өзінде құжат ала алмай жүргендердің саны 30 адамнан асқан. Әйтсе де, мамандар кінә көлікте емес, олардың теориялық тұрғыдан сынақтан сүрініп жатқанын жеткізді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
14.02.2020
Жүргізуші куәлігін ала алмай жүргендердің бірі – Олеся Захарова. Оның айтуынша, құжатын дер кезінде алмауына сынақ тапсыратын механикалық қозғалтқышы бар автокөлікті қадағалайтын арнайы құрылғы бұзылып қалғаны себеп. Соның кесірінен келіншек күнде қала мен ауылдың ортасында «сеңделіп жүрмін» деп ашынады.
Олеся Захарова, Стеклянка ауылының тұрғыны:
- Мен Семейде тұрмаймын. Осы жерге 27 шақырым жердегі ауылдан келемін. Автобус жоқ. Сондықтан таксимен барып-қайтуға күніне 1500 теңге кетеді. Ал бұл қып-қызыл шығын. Сонда біз жүргізуші куәлігін қашан аламыз? Көліктің жөңделгенін күтіп отырамыз ба?!
Бүгінде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүргізуші куәлігіне қолы жетпей жүргендердің қатары көп. Мысалы, шаһардағы бір ғана автомектептің өзінде мұндай 30-40 адам бар. Оның үстіне компьютер арқылы тапсыратын тест сұрақтарында да «қателік көп» деп отыр.
Айдын Қасымұлы, автомектеп директоры:
- 30-40 адам ала алмай жүр құжатын. Олар оқып бітірген. Қазір қала, облыс бойынша ала алмай жатыр. Алыстан, аудандардан келеді. 500-600 шақырым жерден келіп жүргендер бар.
Ал мамандардың уәжі басқа. Олар жүргізуші куәлігін ала алмауына жұрттың өзін кінәлайды. Өйткені автомектептерді бітіргендердің көбі теориялық сынақты тапсыра алмай жатыр.
Ержан Тілеужанов, Семей қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы:
- Автомектептердің бәріне дайындалу керек. Теориялық сынаққа кандидаттарын дұрыстап дайындасын. Қазіргі таңда олар тестпен дайындалмай, заң бойынша дайындалғандар бәрінен өтуде. Бүгінгі таңда өткен кандидаттар жүргізуші куәлігін алып жатыр.
Сондай-ақ, мамандар «В» санатындағы механикалық автокөлікті қадағалайтын арнайы құрылғысы бұзылып қалғанын мойындап отыр. Бірақ ол бір-екі күннің ішінде жөнделетінін жеткізді. Ал оның дер кезінде жөнделмегеніне құбылмалы ауа райы себеп болған көрінеді. Өйткені жолдың жоқтығынан жөңдейтін шеберлер Алматыдан келе алмай қалған. Сондықтан жұртты сабыр сақтауға шақырып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!