Көршісінің дезинфекциясынан бүкіл отбасы жапа шегіп, бір бүлдіршін өлді
Шымкентте бүргені улағаннан деп бүлдіршін өлді. Көпқабатты үйдегі пәтердің бірінде зиянкестерге қарсы дәрі шашылып, көрші үйдегі екі отбасы уланып ауруханаға түскен. Сегіз айлық шақалақ ес жимастан көз жұмса, 3 және 5 жастағы қос балақай жансақтау бөлімінде жатыр. Бірақ, улау жұмысын жүргізген маман басқа пікірде.
Автор: Бек Әбиев
14.02.2020
Қайғылы оқиға көпқабатты үйде болған. Төртінші қабаттағы тұрғындар дезинфекциялаушыны шақырып, бүрге мен тарақандардан улаған. Сөйтіп үйден кетіп қалыпты. Көп ұзамай, үстіндегі пәтер тұрғындарының мазасы қаша бастаған. Әуелі 3 және 5 жастағы балақайлар жедел жәрдеммен ауруханаға барып, ішегін тазалап қайтып келеді. Ал, түнгі сағат екіден өте сол үйге қонақ болып келген отбасының сегіз айлық сәбиінің мазасы кеткен.
Ділшәт Әбдірасулов, әкесі:
- Ол кезде күшеніп жылап, денесі сәл мұздаған. Жаурап жатқан шығар дедік. Болмағаннан кейін мына жағы сәл көгере бастады. Содан кейін бірден ауруханаға кеттік.
Өкінішке қарай, жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіле сала шақалақ шетінеп кетеді. Жалғыз қызынан айрылған Ділшат келіншегі мен әпкесін және 3 пен 5 жастағы жиендерін дереу оттегімен емдейтін ауруханаға әкетеді. Жағдайы жақсарған әйелі мен әпкесі ауруханадан шығарылып, қызын жерлеуге ауылға кетсе, балақайлар әлі жансақтау бөлімінде жатыр.
Мәдина Ермаханбетова, Т. Орынбаев атындағы жоғары қысымды оксигенация орталығының бас дәрігері:
- Белгісіз заттың токсикалық ауыр дәрежесі, экзотоксикалық шоктың 2-ші 3-ші дәрежесі және тамақтық токикоинфекция деген диагнозбен жансақтау бөліміне жатқызылып, науқастарға қажетті барлық тексерулер тағайындалып, ем тағайындалды.
Улану дерегі тіркеле салысымен дереу дәрілеу жүргізілен ошақ пен маңындағы 12 пәтерден сынамалар алынды. Сараптама тағайындаған санэпидемиологтар зиянкестермен күресті екі түрлі әдіспен, яғни уды сұйықтық күйінде және газ шашу арқылы жүргізгенін анықтады. Және пәтердегі у вентиляция арқылы үстіңгі пәтерге жеткен болуы мүмкін. СЭС мамандары біліктілігі күмән келтіретін дезинфекторлардың да көбейіп кеткенін айтады.
Алмат Қосалиев, Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Өңдеу, дезинфекциялық дәрілеу, дезинфекциялау жұмыстарын атқару жайында айтсам, қазір елімізде ешқандайда лицензияланбайды. Жаңа кәсіпкерлер бір қысқа курсты оқып, бұл жұмыспен айналыса береді.
Ал үйді дезинфекциялаған азамат кездесуге құлықсыз. Телефон арқылы тұрғындардың улануына өзінің мүлдем қатысы жоғын айтады. Олар өзі шашқан удан емес, «тамақтан улануы мүмкін» деген нұсқасын да айтып отыр. Бірақ кінәлілер лайықты жазасын алса дейді жапа шеккендер.
Әлинұр Лобусько, жәбірленуші:
- Бізге әлі ешкім келіп жағдайымызды сұраған жоқ. Ол 4-ші қабаттағы кісілерде келген жоқ, дезинфекция істеген кісі де келген жоқ. Сот болады деген сенімдемін, өйткені бұл заңсыз істелінген нәрсе.
Көрші пәтердің тұрғындарын улауға дезинфекторлардың қатысы қаншалықты екенін тек сараптама қортындысы көрсетеді. Түрлі сараптаманы СЭС мамандары да, полицейлер де тағайындады. Погондылар тіпті осы жәйт бойынша абайсызда қазаға ұшырату бабымен қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастапты. Егер кінәлі анықталса, үш жылға дейін қамалуы да әбден мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!