Жеңіл өнеркәсіптегі қордаланған мәселелер талқыға салынады
Атырау облысында жеңіл өнеркәсіп ақсап тұр. «Осы саладағы көп кедергі қолдан жасалған», - дейді аймаққа жұмыс сапармен келген сенаторлар. Өңірдегі жеңіл өнеркәсіп нысандарын аралаған депутаттар жергілікті кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын тыңдады. Дайын тауар мен шикізат өндіруші және жауапты ұйым өкілдерінің басын қосқан Сенат депутаттары көшпелі жиын өткізіп, қордаланған мәселелерді шешу жолын қарастырды.
Автор: Бекен Әлирахым
17.02.2020
Елімізде шикізат та, оны өңдейтін кәсіпорындар да баршылық. Бірақ өзара байланыс жоқ. Өйткені шикізат сол күйінде арзан бағамен шетелге экспортталады. Ал тауар өндірушілер өзімізде бар былғары мен жүнді сырттан сатып алуға мәжбүр. Сәйкесінше, сырттан келетін шикізатқа тәуелді отандық өнімнің өзіндік құны жоғары. «Шикізат пен тауар өндірушілер және сатып алушының басын қоссақ, жеңіл өнеркәсіп саласының бағын ашуға болады», - дейді сенаторлар.
Манап Көбенов, Сенаты депутаты:
- Елімізден шыққан тері, жүн, тағы басқасынан жақсы зат, тауар істеуге, шығаруға болады. Балаларға, әскерилерге киім шығаруға болады. Атыраудағы мұнайшыларды да арнайы киіммен қамтамасыз етуге болады. Барлығын істеуге болады. Соны дамытсақ. Қазір жеңіл өнеркәсіп бізде ЖІӨ-де 1 пайыз да болмайын деп жатыр. Ал ертеде ол 20 пайыз болған.
Атырауда жеңіл өнеркәсіппен айналысатын кәсіпорын саусақпен санарлық. Соның ірісі – жүн өңдеу және тоқыма өнімдерін өндіруші серіктестік. Ашылғанына аттай бес жыл болған зауыттың өндірістік қуаты жылына 450 тонна өнім өндіруге қауқарлы болғанымен, әлі күнге 20 пайызға ғана жұмыс істеп тұр.
Әлімжан Балжігітов, жүн өнімдерін өндіру зауытының құрылтайшысы:
- Компанияның алдында тұрған өткір мәселелердің ең бастысы – өндірілген тауарға деген мемлекеттік компаниялардан сұраныс, тапсырыс жоқ. Сондықтан біз 100 пайыз тауар өндірсек, соның тек 10 пайызы ғана ішкі нарыққа өте алады, қалған 90 пайызы, біздің кезіндегі жоспарымыз бойынша мемлекеттік тапсырыс арқылы өту керек болатын. Бірақ қанша уақыт өтсе де, бұл мәселе әлі күнге шешімін таппай келе жатыр.
Жеңіл өнеркәсіп саласындағы түйткілді мәселелер жетіп-артылады. Шикізат өндірушілерге субсидия жоқ. Шаруалар 100-150 теңгеге бола уақыты мен еңбегін сарп етпейтіндіктен, жүн мен тері қотан маңында шашылып жатыр. Ал зауыт-фабрикалар дайын тауарын өткізе алмай зар.
Гүлмира Уахитова, «Жасампаз» отандық өндірушілер консорциумы атқарушы кеңесінің төрайымы:
- Қазір бұл салада көптеген проблемалар бар. Атап айтсақ, негізгісі – отандық шикізаттың жоқтығы, жеңілдетілген несие қолжетімсіз, олардың өндірген тауарын сатып алатын тұтынушы жоқ. Демек, қанша жерден өнім өндіргенімен, оның ішкі нарықта қолдау табарына еш кепіл жоқ.
Аймақтардағы жеңілөнеркәсіп иелері мен тауардың 60 пайызын құрайтын басты шикізат көзін өндіруші шаруалар Сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелеріне талап-тілегін жеткізді. Жеңіл өнеркәсіп саласындағы күрделі мәселелер мен оны шешу, дамыту жолдары наурыз айында өтетін Парламенттік тыңдауда талқыға салынады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!