Алматыда бір бөлігі сүрілетін Жібек жолы базарында наразылық туды
«Далада қаламыз» деп қорқады! Алматыдағы Жібек жолы базарының бір бөлігі сүрілетініне жұмысшылар мен кәсіпкерлер наразы. Сот көлік жөндеу орындарын бұзу туралы шешім шығарған. Базар әкімшілігі босаған аумаққа жаңаша түрде басқасын салмақ. Бірақ, оған тағы да «шығынға батамыз» дегендердің мұнымен келіскісі жоқ.
Автор: Асқарбек Қазанғап
17.02.2020
Әдетте дүйсенбіде сілтідей тынатын Жібек жолы базарында бүгін қарбалас. Осында нәпақасын табатындар таңда келуі тиіс сот орындаушыларына «табанды қарсылық көрсетеміз» деп жиналған.
Мақсат Сағиев, кәсіпкер:
- Мына қарапайым халықты қайда жібереміз? Қарапайым халықты қараңыз, жан-жағымда! Қазақ халқы, сіздерге айтам, біз бір-біріміздің көзімізді шұқымайық.
Даудың басы өткен айда шыққан сот шешімінен басталған. Қанша жылдан бері жұмыс істеп келген бұл аумақ талапқа сай болмай шығыпты. Көлік жөндейтін нысандардың бәрі заң бойынша алынып тасталуы керек екен.
Ермахан Бүрісбаев, кәсіпкер:
- Салып, ақша шығындалдық. Бірақ бізге жер берсе, көшіреміз. Ешқандай жауап жоқ. «Алыңдар да, кетіңдер, бұзыңдар» деп жатыр. Енді қаншама отбасы далаға кете ме, не істейміз?! Техниканың алдында қарсы тұрамыз, басқа амалымыз жоқ. Үкімет бізді өндіріспен қамтып жатқан жоқ. Тек осы базар, сауда үйлері – елдің жұмыс істейтін жері.
Сот шешімімен бас-аяғы 40 бокс бұзылуы тиіс. Базар әкімшілігі балама ретінде олардың жаңа түрін ұсынып отыр. Бірақ әрқайсының құны 2 млн. теңгеге жетіп жығылады.
Бауыржан Райымбеков, Жібек жолы базарының басшысы:
- Екі күннің ішінде 50 пайызы сүріледі. Кейбіреулері еш қарсылықсыз өздері бұзып жатыр. Әрқайсымен жеке-жеке сөйлестік. Түсінгендей болған. Біз ешкімді қуып жатқан жоқпыз. Ары қарай тағы да жаңа келісім-шартқа отыруға дайынбыз.
«Бәрі жақсы болады» деген бұл жұбатуға көбінің сенгісі жоқ. «Ертең далада қалам ба?» деген қорқыныш басым. Ал бүгін келуі, осы жақты сүруі тиіс болған сот орындаушылары бой көрсетпеді. Кәсіпкерлер мен жұмысшылар өліспей беріспейміз деп тарқасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!