Ақтауда ақшаның жетегінде кеткен байлар туралы комедия түсірілуде
Ақтауда «Олигарх» деген атаумен ерекше комедиялық фильм түсіріліп жатыр. Шығармашылық топ көрерменді күлдіре отыра, қоғамдағы түйткілі көп мәселелерді көтеруді жөн деп шешкен. Жақынын жат санап, ақшаның жетегінде кеткен бай-бағландарды да сынайды. Фильмнің режиссері әрі сценариін жазған Дәулет Есжанов толықметражды туындысына мұнайлы өлкені әдейі таңдап алғанын айтады.
Автор: Жаңалық Ахаш
18.02.2020
Отандық фильмдердің көпшілігі әдетте Алматыда түсірілетін. Ал режиссер Дәулет Есжанов түсірілім тобымен жыл басында Ақтауға көшіп барды. «Өйткені оңтүстік астананың кино түсірілмеген қуысы қалмады», - деп күледі ол. Ол кең байтақ еліміздің керемет жерлерін кинода таныстыруды міндет санайды.
Дәулет Есжанов, режиссер:
- Ақтауды біз таңдаған себебіміз, Қазақстанның керемет жерлері көп, теңізіміз бар, өз табиғатымызды, әдемі жерлерімізді көрсетуіміз керек. Сонда туризм дамиды.
«Олигарх» комедиясында бай мен кедей, мейірімділік пен ашкөздік суреттеледі. Шығарма ауылдағы жігіттің Ақтаудағы бай бауырын іздеп шығуынан басталады. Ақшаның буына масайған ағасын тезге салатын кейіпкерді Нұрбол Айтуов сомдайды.
Нұрбол Айтуов, актер:
- Кейіпкерім өзіме ұнады. Өзім де ауыл баласымын. Бірақ, өмірде алдына баратын бай ағаларым жоқ. Бұл фильм қоғамда болып жатқан жағдайға байланысты. Қу дүниеден көзін шел басқан адамдар туралы.
Комедияда алдымен түсетін актерлер таңдалынған. Одан соң әрқайсысына сай сценарий жазылыпты. Актерлер құрамында Дариға Бадықова, Қажет Смағұл, әнші Нұрлан Еспанов бар. Соңғысына нағыз олигархтың рөлі берілген.
Фильм қыркүйектен бастап кинотеатрларда, ал эксклюзивті нұсқасы «КТК» арнасынан көрсетіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!