Павлодарда шаруа қожалығы жалақы төлеуден жалтарып отыр
Павлодарда шаруа қожалығы жалдамалы жұмысшыларына 350 теңгелік жалақысын төлемей отыр. Әр сағатына осынша сомаға қоймада картоп сұрыптағандарды ұрлық жасап, жоспар орындамады деп айыптаған. Сондықтан олардың сағаттап жүріп 10 күнде жиналған 600 мың теңгесін төлемей қойыпты. Жұмысшылар маңдай тер, табан ақыларын даулап әкімдік пен еңбек инспекциясының есігінен сығалаған. Алайда жұмысшылар шаруа қожалығымен еңбек келісім-шартын жасамапты.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
18.02.2020
Сондықтан соқыр тиын үшін байға жалданған 20 адамның мұңын құзырлы органдар құлағына да ілмеді.
Картоп сұрыптаумен айналысатын жұмысшылар тобын 2 жарым миллион теңгенің көкөнісін «олды қылды» деп айыптаған. Сондықтан жалақы төлемепті. Алайда 43 тонна картопты қоймадан жымқыру түгілі, бір-екеуін қалтаға салып та алып шыға алмайсың дейді жұмысшылар.
Галина Марфиль, жұмысшы:
- «Картоп ұрлағандарың үшін жалақы төлемейміз» - дейді. 43 тонна картопты қоймадан алып шығу мүмкін емес. Жалақымызды төлемеу үшін түрлі сылтау іздеп жатыр.
Қойма қожайыны жұмысшыларға 600 мың теңгеден аса берешек екен. Бұл сома 20-сына бөлінетін болғанымен, қара жұмысқа жалданғандарға әр тиынның құны бар. Ал жұмыс беруші жоғалған 43 тонна картобын ақыры сол қоймадан тауыпты. Сөйте тұра, жалақы төлеуді бастамаған. Енді жұмысшылар жалқаулық танытып, жоспарды орындамады деген сылтау тапты дейді.
Олеся Красовская, жұмысшы:
- Сылтауы көп. Онымен сөйлескенде «сендерге қарыз емеспін, өткен аптаға жалақы төлемеймін» деп шорт кесті. Сонда біз бұл жерге текке уақыт өткізуге, еріккеннен келдік пе?
Алексей Борисов, шаруа қожалығының басшысы:
- Біз олардың жұмыс істеген уақытына төлем жасаймыз. Басқа жұмыс топтары күніне 20 тонна картоп сұрыптайды. Бұларды қарасаң, шай ішіп, шылым шегіп отырады, карта ойнайды. Ал жоспар мүлдем орындалмайды.
Картоп егетін шаруа қожалығының басшысы жұмысшыларға қанша берешек екенін құжат жүзінде дәлелдеу мүмкін емес. Өйткені араларында еңбек келісім-шарттары жасалмаған. Тек «әр адам сағатына 350 теңге алады» деп ауызша айтылыпты. Маңдай тер, табан ақысын даулағандар атқамінерлерге арызданған. Алайда шенеуніктер шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий «мүмкіндік бермейді» дейді. Сондықтан жұмысшылар сотқа арыздануы керек. Бірақ еш құжатсыз, «ауызша уағдаласып едік» дегенге сотты да сендіру қиын. Дегенмен кейін жұмыс беруші жібіген сыңай танытып, қарыздың «жартысын өтеймін» депті. Оның өзінде, жұмысшылар әкімдікке жазған арызын қайтып алсын деген шарт қойып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!