Эпидемиологтар Улы химикаттардың ашық саудасына заң жүзінде тыйым салу керек
Ақтауда эпидемиологтар базар аралауға шықты. Олар сауда сөрелеріндегі зиянкестерді улайтын дәріні тексеріп жүр. Өйткені соңғы уақытта дәл осы қандалаға қарсы химиялық заттардан қала тұрғындары жиі уланып қалуда. Тексеріс жүргізген мамандар қарақан басының қамын ойлаған саудагерлердің құралдарды құжатсыз, сертификатсыз саудалап келгенін анықтады.
Автор: Салтанат Шырынхан
19.02.2020
Ақтауда бір айдың өзінде зиянкес жәндіктерді жоятын дәріден адамдардың улануына қатысты үш дерек тіркелген. Бүгінде зардап шеккен 4 әйел пен 7 бала ауруханадан шығарылды. Мұндай жағдай бірнеше рет қайталана берген соң, дәрігерлер дабыл қағуда. Сондай-ақ олар әр жерде ашық саудаланып жатқан улы химикаттарға заң жүзінде тыйым салынуы керектігін айтады. Әзірге мамандар саудагерлерге ескерту жасаудан ары аса алмай отыр. Ал қарапайым халық арнайы маман шақырмай, қалтасы көтеретін арзан дәрімен жәндіктерді өздері улауды қояр емес. Бірақ соның салдарынан соңғы екі жылда 6 адам ажал құшқан. Олардың арасында балалар бар.
Әсима Жарылғасова, Ақтау қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:
- Тұрғындар пәтерлеріндегі жәрдіктерді улауға пестицид, инсектицид сынды улы химикаттарды қолдануда. Мониторинг барысында бұлардың қаланың барлық сауда орындарында сатылатынын анықтадық. Ал саудагерлердің дәріні қолдану әдісі жайында тұтынушыға ақпарат бере алмағаны тіпті сұмдық. Сондай-ақ, мұндай дәрілердің сапасын растайтын арнайы сертификаты мен құжаттары жоқ екені анықталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!