{metadescription}
Бақытжан Сағынтаев ел алдында қандай уәде берді?
Бақытжан Сағынтаев ел алдында қандай уәде берді?

Бақытжан Сағынтаев ел алдында қандай уәде берді?

Жұмыс істейтін жастар баспанамен қамтылады. Алматы әкімдігі 35 жасқа толмаған бюджеттік саланың қызметкерлеріне арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қоспақ. Ел алдында есеп берген шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырған шеткі ауданның тұрғындарына да пайызсыз несие берілетінін жеткізді. Экология, денсаулық сақтау, білім мен әлеуметтік сала да жанданады деген Сағынтаев тағы қандай уәде берді?

Бақытжан Сағынтаевтың баяндамасын тыңдап, көкейкесті сауал қоюға алматылықтар таң атпай «Халық арена» спорт кешеніне ағылды. Үш мың адамға арналған кешен кісіге әп-сәтте лық толды. Іштегі абыр-сабыр әкім келгенде сап тыйылды. Ақсақалдармен қол алысқаннан кейін шаһар басшысы 2019 жылы жеткен жетістіктер баяндалатын бейне-роликті жиналғандармен бірге көрді.

Халық алдында алғаш рет есеп берген Алматы қаласының әкімі әріптестері сияқты сағаттап баяндама оқымай, тек алға қойған жоспарларға қысқаша тоқталды. Мәселен, жұмыс істейтін жастар баспанамен қамтылмақ. «Ол үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы да іске қосылады», - деді әкім. 

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

- Жаңа тұрғын үй бағдарламасында 35 жасқа дейінгі азаматтар 13 млн теңгеге дейінгі несиені жылдық 5% жеңілдікпен ала алады. Бастапқы жарна 10%. Бағдарламаға бюджеттік саланың жас қызметкерлері, мәдениет, спорт саласының өкілдері, журналистер мен ғалымдар қатыса алады.

Алып шаһарда көпқабатты үйлерді салатын жер мәселесі де өзекті. Бұл ретте Сағынтаев әуежай аумағындағы 383 гектар жер қала меншігіне қайтарылғанын қуана жеткізді. 20 минуттық баяндамадан кейін кезек сұрақ-жауапқа келді.

- Балаларымыз мектептен қайтқанша шыбын жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Ал кешке көшеге шығу мүмкін емес. Осы жарықтандыру мәселесі қашан шешіледі?

- Үйлерімізді орталық жылу беруге қосып беруді сұраймын. Газдық жылуға.  

Әкімдік шеткі аудандарды түгел көгілдір отынмен қамтамасыз етуге Халық банкімен келісімге келіпті. Енді тұрғындар аталмыш банктен газ тарту үшін пайызсыз несие ала алады. Бүгін мәселені шешудің орнына, барлығын қала әкімдігіне сілтей салатын аудан басшылары да сөз естіді.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

- Жауапкершілікті қалаға жүктей салуға болмайды. «Мен шешпеймін, қала шешеді» деп. Ол сол үшін тағайындалып отыр, сол ауданның мүддесін қорғап, жоғын жоқтауға. Түстен кейін осы айтылған мекен-жайға кіріп шығыңыздар. Сосын жауабын бересіздер.

Сағынтаев жыр болған Абай көшесін ұзарту жұмысы «жыл соңына дейін аяқталады» дейді. Ал жол бойында тұрған жер учаскілері мен коммерциялық нысандарға 150 миллион теңгеге дейін өтемақы төленуі тиіс. Абай көшесі өтетін ауданның жұрты жиында белсенді болды. Өйткені қаланың шеткі аймағы әлі күнге дейін өркениеттен жұрдай.  

Үш сағатқа созылған кездесуде шаһар басшысы жыл сайын жұрттың үрейін ұшыратын селге тосқауыл болатын екі бөгет салынатынын жеткізді. Сондай-ақ, Сағынтаев қоғамдық көліктерді жаңартып, жаңа бағыттар ашуға қала қазынасынан 40 млрд. теңге бөлінетінін айтты. Бүгінгі жиында мектеп пен балабақшадағы орын тапшылығы да сөз болды. Бұл мәселені шешуге қала билігі екі жылда 8 мектеп салып, жекеменшік балабақшалардан қосымша орындар ашпақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.