{metadescription}
СҚО-да үш күндік құсбегілер чемпионаты басталды 
СҚО-да үш күндік құсбегілер чемпионаты басталды 

СҚО-да үш күндік құсбегілер чемпионаты басталды 

Қансонарда бүркітші шығады аңға! Қытымыр қысқа қарамастан, Солтүстік Қазақстан облысында құсбегілер чемпионаты басталды. Ел біріншілігіне саятшылар жан-жақтан жиналған. Енді үш күн бойы жыртқыш құстар бабы мен иесін қапысыз таңдап, тапсырманы мүлтіксіз орындаудан сынға түседі.

Бүркітін балапанынан баптап талай жарысқа қосқан Алмас тегі жыртқыш болса да, құсын өзіндей ақкөңіл дейді. «Хантәңірі» деп ат қойған. Сайысқа әкелген қыран құстардың осалы жоқ сияқты. Алғашқы «Қолға шақыру» жарысында-ақ көпшілігі мүлт кеткен жоқ. Бірнеше жүз метр жердегі иесін сонау көктен дөп басып тауып жатыр. Құсбегілер де жарыстың мазмұнына сай, әрі солтүстіктің суығына төтеп беруге сайланып киінген.

Айшуақ Тайманов, маңғыстаулық құсбегі:

- Құсбегілікпен айналысқан соң, көбіне түлкі аулаймыз. Сол себепті арнайы ішік, тондарды түлкінің терісінен тіктіреміз. Қасқыр терісінен тігілгендері ішік деп аталады. Өзінің қызуы бар ішік суықтан қорғайды.

Сырттағы алай-дүлей боранға ұрынып қалмау үшін құсбегілер пойызбен жеткен. Жол алыс болғанымен, бабы келіскен құстарының томағасын сыпырып сынға салу – оларға асқан бақыт. Сайысқа 34 бүркіт, 8 қаршыға мен 8 ителгі әкелінген. Қойылған талап та күшті. Бапталған құстар бүгін екпіндеп соққан желге де төтеп беруі тиіс. Ал жарыстың үшінші күні жыртқыштар ұсақ құстар мен қоянға салынады.

Дулат Маратұлы, ҚР құсбегілер чемпионаттың бас төрешісі:

- Құс жерге қонып қалмау керек. Бірден иесінің қолына барып қонса, жоғары балл алады. Өйткені ол желге төзімді деп айта аламыз. Қазір 17 бүркіт ұшты, соның 10-ы жоғары балл алып отыр. Ертең – еркін ұшыру. Сосын шырғаға салу.

Құсбегілер жарысқа негізінен 4-5 жастағы бүркітін әкелген. Олардың айтуынша, 80 жыл жасайтын бүркітті 20 жасқа келгенде баптап өсірген үйін тауып келмес үшін алысқа апарып тастайды екен. Олар осылайша ұясынан ұрпағын ұшыруға мүмкіндік алады

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде