Ұшақ соғылған үйдің иесі Bek Air компаниясының қылығына қапалы
Кінәні өзгеден емес, өздерінен іздесін! Алматы облысында ұшақ соғылған үйдің иесі Ришат Қалибек «Бек Эйр» компаниясының сотқа шағымы «ақылға қонымсыз» деп отыр. Соттың алғашқы тыңдауына келген азамат жауапкершіліктен қашқан компанияның қылығына қапалы.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
21.02.2020
Ришат Қалибек, үйдің иесі:
- Бұлардың мақсаты - өздерінің бұзылған, шіріген ұшақтың құлағанына жауап берудің орнына, менің үйімді заңсыз деп шығарып, 12 адамның өлімін мойныма артып қою. Үйімді қиратып, мені жауапқа тартайын деп отыр. Талап-арыздарымен келіспеймін. Өйткені мен жерді заңды түрде сатып алдым.
Талғарда басталған сотқа «Бек Эйр» компаниясы жәбірленуші тарап ретінде келсе, ұшақ құлаған үйдің иесі жауапкер ретінде тартылып отыр. Осыған дейін тілшілерге дөрекілік танытып қиқар мінезімен танылған Нұрлан Жұмасұлтановтың компаниясын үш адвокат қорғамақ. Ал Ришат Қалибек адвокат жалдауға ақшасы болмағанын ашық айтты. Судья неге екені белгісіз, сот орыс тілінде өтеді деп мәлімдеді. Сондықтан ол жауапкерге аудармашы керегін ескеріп, соттың алдын ала тыңдауын кейінге шегерді. Басы даудан арылмаған Bek Air Ришат Қалибекті ұшақ соғылған үйді «заңсыз салды» деп айыптап отыр.
Нұрлан Жұмасұлтанов, Bek Air АҚ басқарма төрағасы:
- Әкімдік пен үй иесі арасында қандай қарым-қатынас болғанын білмейміз. Сондықтан үйдің иесі жауап беруі керек. Құрылыстың заңсыз салынғанын растасын. Біздің талабымыз тек сол.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!