{metadescription}
Игерілмей жатқан жерді қайтару мерзімі қысқартылады
Игерілмей жатқан жерді қайтару мерзімі қысқартылады

Игерілмей жатқан жерді қайтару мерзімі қысқартылады

Жер туралы заңға тағы өзгерістер енгізілетін болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі енді игерілмей жатқан жерді қайтару мерзімін қысқартпақ. Сондай-ақ, бос жер учаскелеріне қатысты салықты екі есе көбейтпекші. Бұдан өзге, жұмыртқаға берілетін субсидия да қысқартылып жатыр. Бұған құс шаруашылығымен айналысатындар наразы. Ақшадан қағылғанына ашынған ірі құс фабрикасының иесі Максим Божко министрмен сөзге келіп қалды.

Бос жерлердің көлемі қанша екенін сұрасаң, Ауыл шаруашылығы министрлігі ат тонын ала қашады. Бірақ, миллиондаған гектардың пайдаланылмай жатқаны талай айтылды. Министрлік ғарыштық мониторинг арқылы Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарын бақылап, игерілмей жатқан сол жерді анықтаған. Енді сот арқылы 1 млн 800 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтармақ. Ал Мәжіліс депутаты Владимир Божконың ұлы Максимді Ауыл шаруашылық министрлігіндегі бүгінгі жиында жерден гөрі, жұмыртқа көп толғандырды. Сөйтсе, Ақмола облысындағы ірі құс фабрикасының басшысы субсидиядан қағылғанына ашынып отыр екен.  

Максим Божко, кәсіпкер:

- Жұмыртқа өндірісіне ешқандай субсидиялар, жеңілдетілген несиелер жоқ, барлық жерде тыйым салынады. Өйткені біз артық өндіріп жатыр екенбіз. Ондай болса, экспортты кеңейтейік. Қытайға да өнім шығара алмаймыз. Құс шаруашылығында бәрі жақсы дейсіздер. Бірақ «пайда бар ма?» деп кім сұрады? Ешкім. Ауыл шаруашылығы министрлігі шешімді бізсіз қабылдайды.

Кіші Божконың қызыл кеңірдек болып жеткізген мәселесін министр Омаров мұқият тыңдап, жауапты қатқылдау қайтарды. Субсидияны тоқтату туралы өзгеріс үш жыл бұрын ауыл шаруашылығы туралы бағдарламада жазылып қойған екен.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Жұмыртқа өндірісі туралы сандарды біз ойлап таппаймыз. Мәліметті беретін – өздеріңіз. Мемлекет құс шаруашылығына 10 жыл бойы субсидия беріп келеді. Тек жеуге болатын жұмыртқа өндірісінің құнын төмендетуге арналған субсидиялар алынып тасталды. Жақында сіз маған келіп кеткенсіз. Мен басқа да ұсыныстар беріңіз дедім. Бірақ басқаша әрекет жасап жүрсіз.

Үш сағатқа созылған жиында басынан дау арылмаған «Қазагроның» да мәселесі қаралды. Холдингтің еншілес компанияларына қатысты несиелеу, қағазбастылық бойынша шаруалардың шағымы көп. Бұл мәселені шешуге Қарашүкеев үнсіз келісті. Министр аграрлық сектордың көздейтіні азық-түлік қауіпсіздігін тұрақты қамтып отыру екенін ескертті.

Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл суармалы жер көлемін арттырып, дәнді-дақылдар алқабын ұлғайтып, сүтті-тауарлы фермалар құрғалы жатыр. Ал, шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар тоқтамайды. Дизель отынын нарықтағыдан 10 пайыз төмен бағамен бермекші.

Қазір қолданыстағы аграрлық секторды дамытудың кешенді бағдарламасының 2021 жылы мерзімі бітеді. Сондықтан министрлік жаңа бағдарлама дайындауға бүгіннен кірісіп кетті.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде