Қорықшыны өлтірді деп айыпталғандар сот үкімін естігенде жүйкелері сыр берді
Қорықшы Ерлан Нұрғалиевті өлтірді деп айып тағылған үш сотталушы өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Қалған төртеуіне заңсыз аңшылықпен айналысу бабымен 6 жылдан жаза кесілді. Бұлардың барлығы атылған 17 киіктің орнына 89 миллион теңге шығын өтеу міндетті. Ал марқұмның жақындары мен испектор Петр Ницыкке жалпы сомасы 32 миллион теңге моральдық шығын өтеуі тиіс.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
21.02.2020
Сот үкімін тыңдауға келгендер ауданаралық қылмыстық істерді қарайтын соттың қуықтай бөлмесіне тығылды. Сотталушылар мен жақындарының көзінде үрей бар. Өйткені жарыссөздерде-ақ прокуратура заңсыз аңшылықпен айналысқан төртеуге 6 жыл, «адам өлтірді» деген үшеуін ғұмырының соңына дейін қамауға алуды сұраған. Судья прокуратураның сол айыптау актісін шешім ретінде оқып бергендей болды. Өйткені өмір бойына бас бостандығын айыру жазасын кескенде камерадағы Шүкілдіков, Ахметов және Ақшановтың жүйкесі сыр берді.
- Құрметті сот, мына шешіміңіз әділ емес, қаншама шындықты көре тұра, көз жұма қарап. Ой, жұлқыма- ей!
- Өмір-бақи бас бостандығынан айыру, білмеймін, Қазақстан халқы, адамның басына симайды, ренжімеңіздер. Мен бауырымды жақтап тұрған жоқпын. Істеген әрекеттерін өзінің лайығымен берсін.
Ал кепілмен осы уақытқа дейін сотқа үйіне келіп жүрген төртеудің қолына сот залында кісен салынды. Олар 6 жылға кететінін күтпесе керек, қарауылдың көзін ала бере, туғандарымен қош айтысып жатты.
Осылайша сотталған 7 адам табиғатқа келген зиян ретінде мемлекетке 90 миллион теңге төлейді. Ал Нұрғаливетің өліміне кеткен үшеу марқұмның ұлына 17, інісіне 9 жарым, Петр Ницыкке 6 жарым, жалпы сомасы 33 миллион теңге берешек болды. Дегенмен адвокаттар үкіммен келіспейді. Өйткені бұл істе «қасақана кісі өлтіру бабын қолдану» – деген пікірде. Сотта Қайтар Ақшанов екі инспекторды мылтықтың ұңғысымен өзі ұрғанын, Шүкілдіков пен Ахметовтың қатысы жоғын айтқан.
Сәбит Қалияқас адвокат:
- ҚР ҚК 106 бабы, яғни, адамның денесіне ауыр жарақаттар келтіру. Соның салдарынан адам қайтыс болып отыр. Сот алдында сөз жарысына дейін біз ол жөнінде өзіміздің өтініш хатымызды бергенбіз, бірақ сот мырза біздің өтініш хатымызды қараусыз қалдырды. Біз мұны былай қалдыруға тиісті емеспіз.
Өткен жылдың 13-ші қаңтарында табиғат қорғау инспекторлары Нұрғалиев пен Ницык киік атып жүрген броконьердің ізіне түскен. Қуып жетіп ұстамақ болғанда екеуі соққыға жығылады. Айдалаға қалғандарға медициналық көмек кеш жетіп, Ерлан Нұрғалиев жансақтау бөлімінде демі үзілген еді.
Айдалада қансырап жатқан Нұрғалиевке көмек беруге асықпаған «Охотзоопромға» қос тарап та өкпесін айтты. Әр нәрсені сылтау етіп шұғыл қимылдамағандар тергелмеді де. Сондықтан адвокаттар мекеменің жұмысын тексеруге жеке қаулы шығаруды талап еткен. Өйткені былтыр ғана жүзден аса киікті жайратқан «Охотзоопромның» инпекторы ұсталған болатын. Демек олардың көбі броконьерлермен сыбайлас болуы мүмкін екен. Алайда аудандық судья елемеген осындай сан сұрақ енді апелляциялық сотта айтылатын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!