Қайырымдылық керуені: Адам атын ақтап шыққандар марапатталды
Елордада жомарт жандар марапатталды. Араларында біреуді ажалдан құтқарып, біреуге қамқор болып, біреуге жылу сыйлап жүргендер бар. Жақсылықтың нышанына айналған «Қайырымдылық керуені» байқауы осымен екінші рет өткізіліп отыр. Жарты жыл бойы жүрегі кең азаматтарды іздеу Елбасы қоры мен Іскер әйелдер қауымдастығына оңайға соқпапты. Себебі, қадірлі іс жасауға көбі асық.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
24.02.2020
Олар қалың жұрттың назар аударып қарағанына үйренбеген. Тіпті марапат пен мақтау қағазын алған бойы сахнадан кетуге асықты. Адам құтқарып, жетімдерге көмектессе де, ел дамуына қандай да бір үлес қосса да, олар көпке үлгі. Мәселен, өскемендік Айбек Әбдірахманов бүтін бір отбасын өрттен құтқарған. Ал қостанайлық 83 жастағы Владимир Задонский үйінің ауласын шырғанақ бағына айналдырыпты. Дәруменге толы өсімдікті бүкіл ауыл пайдаланып жүр.
- Жасы 85-ке келсе де ағаш отырғызып, жерлестеріне өнімін жинап берумен жүр.
Көпбалалы ана Жанар Байжүлденованың өмірлік ұстанымы – жетімді жебеу. Өзінің үш перзенті бола тұра, ол Балалар үйінен 8 ұл-қызды бауырына басқан. Бұл әрекетіне жақындары шошып қарағанымен, жары қолдапты. Балаларына ата-ана мейірімін төге отырып, оқытып-тоқытып жатыр. Үш жасөспірім кейін биологиялық ата-анасымен қайта қауышқан.
Жанар Байжүлденова, «Мейірім жолында» аталымының жеңімпазы:
- Қолымыздан келгенше жәрдем беріп жатырмыз. Біздің қолымызда тұрған жоқ қой. Кімнен бала туады, кім жақсы ана болады, кім жаман ана болады деген біздің іс емес, біздің құқымыз емес. Егер бала таңдаса, анасының қасына барамын деп осындай отбасына қосу – біздің міндет.
Екінші рет өткізілген ізгі жоба қайырымдылықты, мейірімділікті насихаттайды. Өзгенің өміріне жанашырлық танытқан жандардың басын біріктірді. Өйткені олар көлеңкеде қалмауы керек.
Дариға Назарбаева, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының директоры:
- Қазіргі кезде әрбір адам жылы сөзге, мейірімге мұқтаж. Өзгелердің көмегіне зәру жандар да баршылық. Мейірімділік – жүректен. Сондықтан өзгенің қуанғанын көруді, өзіне зор қуаныш, үлкен бақыт деп білетін жүрегі кең, ниеті түзу жандардың көптігі қуантады.
Қолы ашық, батыл жүректі жандарды еліміздің түкпір-түкпірінен іздеген. Биыл «Қайырымдылық керуені» байқауына қатысқандардың саны көп – 231 өтініш түскен. Өткен жылы 97 адам бақ сынапты.
Әлкей Марғұланұлы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары:
- Ондай адамдардың тек өзін, өз отбасын ғана емес, қоршаған ортасына жақсылық төгіп жүргенін көбірек айту керек. Сонда біз өзіміздің адам деген атымызды ақтап шығамыз.
Жобада ерекшеленгендер бес номинация бойынша марапатталды. Кеудесіне үш түрлі дәрежедегі медальдар тағылып, шипажайға жолдама берілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!