Министрлік «Медведи» хоккей клубын бақылауға алды
Ашығын айтам деп, бәлеге қалдым! Алматыдағы «Медведи» хоккей клубындағы балаларының аяқ-асты топтан шыққанына ата-аналары наразылық танытты. Айтуларынша, ай сайынғы төлемнің күрт қымбаттауына қатысты Алматы әкімінің есебінде мәселе көтерілген соң, оларды тізімнен сызып тастапты. Бірақ клуб басшылығы дауға басқа нәрсенің себеп болғанын алға тартты.
Автор: Асқарбек Қазанғап
24.02.2020
Нариман Қабдекеев «Медведи» клубының сапында үш жыл ойнап жүрген ұлына тізімнен сызылғанын хабарлауға әлі жүрегі дауаламай жүр. Өтпелі кезеңде «соққы бола ма?» деп алаңдайды. Айтуынша, бар болғаны – төлем құнын «30 мыңнан 38 мыңға қымбаттамыз» деген шешімге қарсы шыққан. Мәселені қала әкімінің алдында жайып салған соң, «басымыз бәлеге қалды» дейді ол.
Нариман Қабдекеев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Соның кесірінен бізді шығарып тастап тұр. Айқай шығарушы – біз дейді. Басқа еш себеп жоқ. Ақшаны кішкене кешіктірсек те төлейміз. Одан қашпаймыз. Ол ертең «38 мың» дейді, одан наурыздың аяғында «45 мың» деуі мүмкін. Сонда біз оның артынан еріп, ақшаны төлеп жүре беруіміз керек пе?
«Медведи» хоккей клубында 300-ден астам бала жаттығады. Бағаны көтеруге көбі қарсы шыққанымен, әзірге екі ата-анаға ұлының клубтан шығатыны жөнінде ескертпе қағаз берген. Ал клуб басшылығының бұл мәселе бойынша пікірі бөлек.
Ержан Арғынбай, Алматы хоккей федерациясының атқарушы директоры:
- Бұл жерде екеу емес, үш-төртеу болған. Бірақ басқа ата-аналар келіп түсіндірді, «қазір жағдайым жоқ, біраздан кейін төлеймін» деді. Ал қалған екеуі клубты боқтап, әкімшілікті балағаттап кетті. «Анау да, мынау да боқ, әкімшілік – боқ» деп. Ендеше алып кетіңдер, боқ емесін табыңдар! Бітті!
Клуб басшылығы әзірге бағаны көтермейтіні туралы мәлімдеді. Құнның құбылуы мүмкін екенін де жоққа шығарған жоқ. Өйткені жұрт жаппай спортқа жазылатын «Халық Арена» мен «Алматы аренадағы» секциялар жеке кәсіпкерлердің қолында. Ал екі баланың дауынан Мәдениет және спорт министрі хабардар екен. Ақтоты Райымқұлова «мәселені қадағалауда ұстаймыз» деп отыр.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Шынына келсек, ереже мен заңды бұзу бары рас. Өйткені мұндай нысандарда халыққа баға қолжетімді болуы керек. Біз бұл мәселені бақылауымызға аламыз. Қазір Алматы әкімдігімен де кәсіпкерлерге осындай нысанда жұмыс істеуге рұқсат беретін нормативті құжаттарды қайта қарастырып жатырмыз.
«Медведи» хоккей клубындағы төлемнің әзірге қымбаттамауы тізімнен сызылған бір шеті екі ата-ананың жеңісі шығар. Бірақ балаларының клубтан алыстауы – олардың жеңілісі. Басқа клубқа беруден өзге енді олардың қолдан келер қайраны жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!